ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ОН ЖЫЛ

0

Қордай аудандық мемлекеттік архивінің мәжіліс залында Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.

Оған ардагерлер, қадірлі қонақтар, сала өкілдері мен мекеме қызметкерлері қатысып, он жылдық тарихы бар ұжымның жүріп өткен жолын саралап, жеткен жетістіктеріне тоқталып, ортақ қуанышқа куә болды. Он жыл – тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, еңбек ұжымы үшін қалыптасу мен даму, ізденіс пен ілгерілеу, тәжірибе жинақтау мен кәсіби тұрғыдан шыңдалу кезеңі. Осы уақыт аралығында мекеме өз қызметінің негізгі бағытын айқындап, алға қойған міндеттерін жүзеге асыру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мерекелік басқосудың көздегені – мекеменің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалау, аға буынның өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу және ұжымның ортақ жетістіктерін дәріптеу. Салтанатты шара барысында халыққа сапалы қызмет көрсету, әрбір міндетті адал атқару және ел игілігі жолында еңбек ету – әрбір қызметкердің басты парызы екені айтылды. Іс-шара аясында алғашқы болып Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Құттықовқа сөз кезегі берілді. Ол өз құттықтауында мекеменің он жылдық мерейтойының маңыздылығына тоқталып, ұжымға толағай табыс, қызметкерлерге кәсіби жетістіктер мен абыройлы еңбек тіледі. Бұдан кейін Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет пен әлеуметтік қамсыздандыру саласының ардагері, құрметті зейнеткер Бекен Рамазанов ізгі тілектерін білдірді. Ардагерлер өз сөздерінде еңбек жолындағы тәжірибенің, ұрпақтар сабақтастығының және елге адал қызмет етудің маңызына тоқталып, ұжымның алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Қатира Валиева, Қордай ауданы әкімдігінің «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Салтанат Балпукова құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иелеріне ақжарма тілектерін арнады. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбеков мерекелік құттықтауын жеткізді. Қонақтар өз сөздерінде мекеме қызметкерлерінің жауапты қызметіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта да халық игілігі жолындағы жұмыстардың нәтижелі болуына тілектестік білдірді. Салтанатты жиынның маңызды бөлігі – қызметкерлерді марапаттау рәсімімен жалғасты. Еңбек – адам өміріндегі ең асыл құндылықтардың бірі. Ал адал еңбектің бағалануы, маңдай термен келген жетістіктің еленуі әрбір қызметкер үшін үлкен мәртебе. Осы орайда күнделікті қызметінде тиянақтылық пен жауапкершілікті басты орынға қойып, халыққа сапалы қызмет көрсету жолында абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер Қордай ауданы әкімінің «Алғыс» және «Құрмет» грамоталарымен, сондай-ақ «Әділет» партиясы Қордай аудандық филиалының мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды. Марапат иелеріне ізгі тілектер айтылып, алдағы қызметтеріне толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіленді. Мерейтойлық шара соңында қонақтарға, ардагерлерге және ұжым қызметкерлеріне ризашылық білдіріліп, елге қызмет ету жолындағы еңбектеріне табыс тілегі айтылды.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.