Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары мен Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесінің делегациясы «Қарасу» шекаралық бақылау бекетінде кездесті. Екі тарап бірден іске көшіп, түйкілді мәселелерді көтерді.
Жалпы, осыдан 10 жыл бұрын салынған кедендік нысаннан күніне 1000-нан астам жүк көлігі өтеді. Оларды тексеруге біршама уақыт кетеді. Сондықтан шекара маңында ұзын сонар-кезек қалыптасқан. Бұл мәселеге қатысты ҚР Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан өз ойын ортаға салды.
«Кейбір жабдықтар тозған. Сондықтан «Қарасу» бекеті жаңартылатын болады. Рентген аппараты кей кезде істен шығады. Оны жөндеуге бір-екі күн кетеді», — деді ол.
Шекарадағы іркіліске Қырғызстаннан келетін көліктердегі электронды шот-фактуралардың болмауы да себеп болып отыр. Одан қалды тауар тасымалдау-шылар кейде заңға қайшы әрекеттерге барады. Яғни, құжатта көрсетілген тауармен жүк көлігіндегі тауар сәйкес келмей қалатын жағдайлар көптеп тіркелген.
Айта кетсек, бауырлас елмен алыс-беріс қос тарап үшін де өте маңызды. Мысалы өткен жылы арадағы тауар айналымы 1 млрд 63 млн АҚШ долларын құраған.
«Қазір протокол қабылдаймыз. Оған бүгін қараған мәселелерді енгіземіз. Жағдай бұйырса оңтайлы шешіледі. Өйткені Қазақстан тарапын да шекара мәселесі қызықтырады», — деді Қырғыз Республикасы Жоғарғы кеңесінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Адахан Мадумаров.
Қос тарап екі жақты туризм саласын да жан-жақты талқылады. Пандемияға дейін Қазақстанға көрші елден 1,5 млн турист келген. Ал Қырғызстанның туристік аймақтарына 2,5 млн отандасымыз барған. Бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге төмендеп кеткен. Айыр қалпақты ағайын мұны Қазақстан шекараларындағы ПТР тестілеудің әлі алынбағанымен байланыстырып отыр.
«ПТР тестілеуді алып тастау туралы біз бірнеше рет жазғанбыз. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің өз көзқарасы бар. Қазіргі таңда Ресейден, Қырғызстан, Өзбекстан тарапынан келетін туристер саны көбейіп жатыр. ПТР тестті алып тастайтын болсақ, бұл саны өседі деген үміттеміз», — дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитетінің төрағасы Айдос Сәкенов.
Қырғызстандық депутаттар шекарадағы көлік-логистика мәселесі тезірек оңды жолға қойылса екен дейді. Өйткені олар Қазақстанға және біздің ел арқылы транзитпен Ресей мен Белоруське тасымалдайтын маусымдық жеміс-жидектер мен азық-түлік бүлініп, экономикаға кері әсер етеді деп қауіптенеді.
ҚОС ТАРАП ҚОРДАЙДА КЕЗДЕСТІ
Next Post