БЕРЕКЕ КӨЗІ – БІРЛІКТЕ

0

Жуырда облыс орталығындағы Достық үйінде «Береке көзі – бірлікте» атты дүнген қауымдастығының кездесуі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – «Дүнген республикалық этномәдени орталығы»
РҚБ құру болды.

Айта кетсек, республикалық қоғамдық бірлестіктің құрамына Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының өңірлік этномәдени бірлестіктері кірді. Дүнген аймақтық этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен қатар, конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ілияс Буларов, құрметті ақсақал И.Лоу, ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты Ш.Хахазов, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова, Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет және ҚР Мәжілісінің депутаты Ілияс Буларов қатысушылардың назарын болып жатқан елеулі оқиғаның маңыздылығына аударды.
«Мұндай республикалық бірлестіктің құрылуы этносаралық қатынастарды жаңа деңгейге көтереді. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының мемлекеттік бағдарламаларын, саяси реформаларын жүзеге асыру үшін жемісті жұмыс істейтінімізге күмән жоқ», — деген Мәжіліс депутатының сөзін Рүстем Дәулет жалғастырды.
«Бүгін сіздердің біріккен іс-шараларыңыздың мән-маңызы зор. Өйткені, ол негізгі заңымызға — біздің Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша бүкілхалықтық референдум алдында өтуде», — деп атап өтті Р.Дәулет.
Іс-шарада өңірлік бірлестіктерді, мәдени орталықтарды республикалық заңды тұлғалар бірлестігіне біріктіру туралы меморандум бекітілді. Сондай-ақ, қатысушылар жаңадан құрылған бірлестіктің жарғысын қабылдады. «Дүнген республикалық этномәдени орталығы» РҚБ басқарма төрағасы болып Зайнуддин Махусеев бірауыздан сайланды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ
«Қоғамдық келісім» КММ

Leave A Reply

Your email address will not be published.