АУЫЛДАРҒА ГАЗ ҚҰБЫРЛАРЫ ТАРТЫЛУДА

0

Халықтың жағдайын жақсарту, тіршілігін жеңілдету, заманауи үдеріске сай өмір сүруіне мүмкіндік жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Қала мен ауылды бірдей гүлдендіріп, әлеуметтің әлеуетін арттыру да Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында кеңінен қамтылатын тақырып. Ауданымызда Президент тапсырмасына сай көптеген қордаланған әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді. Соның бірегейі — елді мекендерді газдандыру жұмыстары.

Жалпы бүгінде аудандағы 41 елді мекеннің 34-і көгілдір отынмен қамтылған немесе 83%-ды құрап отыр.
Қалған 7 елді мекенді 2025 жылға дейін газбен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жасалуда. Нәтижесінде жаз айының алғашқы аптасында аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қарасай және Еңбек ауылдарына газ құбыры жүргізіліп бастады.
Ауылдарға газ құбырларын жүргізу жұмысын мердігер мекеме «Алия-Сервис» ЖШС қолға алып, бүгінгі күнге Еңбек ауылынан басталған құбыр жолына 1 шақырым траншея қазып үлгерді. Аталған іске 5 техника тартылған.
Ауылдарға газ тарту жұмыстары екі кезең бойынша жүргізілуде. Біріншісі, негізгі құбырдан ауылдарға жеткізу болса, екіншісі, көшелерге және жекелей үйлерге газ құбырын тарту. Бұл жұмыс қателікті көтермейтіндіктен, жіті қадағалауды қажет етеді. Сол себепті жұмыс барысын аудан әкімдігі тұрақты бақылауына алып, жұмыстың сапалы жүргізілуін назарда ұстайтын арнайы техникалық қадағалаушыны да бекіткен.
Аудан әкімінің орынбасары Е.Нуралиевтің айтуынша, маусым айының екінші аптасында Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарына да газ құбырларын тарту жұмыстары басталады.
Республикалық бюджеттен 888,8 млн. теңге қарастырылып, мердігерлер де анықталған. Ал, Керу ауылын газдандыру үшін республикалық бюджетке бюджеттік өтінім тапсырылса, Бәйтерек ауылына жобалау және зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық жобалар қаржыландырылса, 2025 жылға дейін ауданның барлық елді мекендерін 100% табиғи газбен қамту көзделіп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.