ТАЛАБЫМЕН ТАНЫЛҒАН ТАЛАНТТАР

0

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, қай кезде де ел ішінен небір таңдай қақтырар таланттар шығып, таза бұлақтай үлкен сахнаға жол тартып жатады. Сол бұлақтың көзін ашатын облыстық «Жаңа есім – 2022» байқауында ауданымыздың дарындары бақ сынаған болатын.
Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен шығармашыл жастардың «Жаңа есім-2022» облыстық жобасының гала-концерті өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында наурыз-мамыр айы аралығында өткен бұл байқау нағыз жас таланттарды жалпақ жұртқа танытуды көздеп, оның ішінде вокал, дәстүрлі халықтық ән, аспапта орындаушыларға ерекше мән берген болатын.
Аталмыш жобаның облыстық кезеңінде аудандық, қалалық деңгейдегі байқауда іріктеуден сүрінбей өткен өнерпаздар қатысты. Оларды анықтау барысында күйші, композитор, ҚР мәдениет қайраткері Ержан Рысметов, әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов және Республикалық Ш.Қалдаяқов атындағы конкурстың лауреаты Көпшіл Ертаев қазылық етіп, сәуір айында ауданымызда өткен кезеңде екі дарынды таңдап алған болатын. Сол кезде үздік деп танылған Қордай ауданынан Шапағат Балтабай мен Тимур Ким аудан намысын абыроймен қорғай білді. Шапағат Балтабай өнер тұнған Кенен ауылының өкілі. Ауылдық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында тәлім алатын ол дәстүрлі ән номинациясы бойынша қазылар көзіне түссе, аспапта орындауда Бетқайнар ауылының тумасы, Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің домбыра сыныбының оқушысы Тимур Ким дара шыққан еді.
Таразда өткен гала-концертте талабымен танылған таланттарды жобаның басты ұйымдастырушысы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтап, аталмыш жоба биыл үшінші мәрте өткізіліп отырғанын жеткізген. Ауылдық, аудандық, қалалық іріктеу кезеңдеріне барлық қала мен ауылдардың талантты жастары қамтылып, 400-ге жуық үміткер қатысып, содан тек 10 қатысушы ғана нағыз жүзден жүйрік болып танылған. Соның ішінде қордайлық өрендер де бар. Концерт барысында «Жаңа Есім» CD жинағының лентасы қиылып, оған жас орындаушылардың әндері мен күйлері енген.
Күй тартысқа қатысқан Тимур Кимнің орындаушылық шеберіне шаһар халқы ризашылығын білдірсе, кенендік Шапағат Балтабайдың нақышына келтіре шырқаған әніне тамсанғандар қаншама.
Қордайлық өрендер аталмыш жобаның жеңімпазы ретінде арнайы кубок, димломмен және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар Тимур Кимнің жетекшісі белгілі домбырашы Қуаныш Ахметов пен Шапағат Балтабайдың жетекшісі Құрал Сәбитханға алғыс хаттар табыс етілді. Ал, өз кезегінде өнерпаздар аталмыш жобаға қатысуда үлкен қолдау көрсеткен аудандық Мәдениет үйі қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.