Туристерге арналған пилоттық жоба

0

Ыстық көл – туристердің сүйікті орындарының бірі. Ыстық бұлақтары мен минералды суымен танымал көл ТМД елдерінің тұрғындары көп баратын демалыс орны болып табылады. Әсіресе жаз мезгілінде Қордай өткізу пункті арқылы Қырғызстанның басты туристік нысанына жол тартатын азаматтар саны еселеп өсіп, бұл жағдай біршама қолайсыздық тудыратыны жасырын емес.

Сейсенбі күні осы жайтқа қатысты, яғни шекаралық бекетке жүктемені азайту мәселесін шешу мақсатында шекаралық бақылау департаменті мен турагенттіктер өкілдерінің көшпелі кездесуі өтті. Жиын нәтижесі бойынша Қордай шекаралық өткізу пунктінде туристерді тездетіп жіберу бойынша пилоттық жобаны іске қосу жөнінде шешім қабылданды.
«Демалысқа қолайлы болып саналатын жаз мезгілінде көп туристер Ыстық көлге және Бурабайдағы шипажайларға барады. Туристердің шекарада қиындықтарға тап болуының алдын алу үшін біз Нұр-Сұлтан қаласында кездесу өткіздік. Жиынға мәдениет және спорт министрлігінің, «Атамекен» ұлттық палатасының, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты. Келелі басқосудың нәтижесінде Қордайда көшпелі кездесу ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды. Осындай жиын Бурабайда да өтпек. Туристік автобустар кезектен тыс өтіп, тексеруді тездету үшін кабинкалардың көбісі іске қосылады, барлығы адам санына байланысты болады. Өз кезегінде, турфирмалар қолайсыздықтарға тап болмау үшін өз клиенттерімен шекарадан өту ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, туристердің айыппұлдарының және балалардың шетелдік төлқұжатының болуын алдын ала тексермек», — дейді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің шекаралық бақылау департаментінің басқарма бастығының орынбасары полковник Мундаш Мулашев.
«Туристер санының өсуі бейсенбі және жексенбі күндері байқалады, осындай үш күндік демалыстарды әсіресе алматылықтар ұнатады. Қуаныштысы, шекара қызметтерінің өкілдері түсіністікпен қарап, туристер үшін қолайлы жағдай жасауда. Біздің бірлесіп атқарған жұмысымыз шекарадан өтетін азаматтарға ыңғайлы болуы үшін ортақ мүдделерімізді шешеді деген сенімдеміз», — дейді турагенттік өкілдері. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар кеден бекетіндегі әжетхана мәселесін көтерді. Олар бар болғанымен әрдайым жабық тұрады екен. Кездесу нәтижесі бойынша бұл олқылық та оң шешімін табатын болды. Одан бөлек, өткізу пунктіне жедел жәрдем бригадаларының тез келу мәселесі де талқыланып, қатысушылар осыған қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында делегация өкілдері Қордай шекаралық өткізу пунктінің жұмысымен танысты. Заманауи құрылғылармен жабдықталған аталмыш пункт күрделі жөндеуден кейін көркі көз тартарлық болып өзгергені мәлім.

Leave A Reply

Your email address will not be published.