ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

0

Өткен сенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаев Үлкен Сұлутөр ауылына арнайы барып 23 маусым күні дүлей селден зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесті. Табиғаттың тосын мінезінен мүлкі мен техникасына, малына шығын тиген әр үйге арнайы барған аудан басшысы әкімдік тарапынан және кәсіпкерлер арқылы барлық көмек көрсетілетінін жеткізді. Сол маңда жауапты азаматтарға тиісті тапсырмалар да жүктелді.
Табиғаттың мұндай мінезінен ауыл азаматтары секем алып қалған. Өйткені көз алдарында тіпті ауыр техниканың өзін орнын қозғап, мал-мүлікті жаңқадай жұлып әкеткен алып күш аулаларды да оңдырмаған. Бірінің ұсақ малы суға ақса, екіншісінің жинап қойған шөбінен дым қалмаған. Үй ішіндегі тұрмыстық заттар да жарамсыз күйге түскен. Жалпысы 17 үйдің ауласына су кірсе, 5 үйдің ішіне дейін жеткен, 12 үйдің қора-жайлары зақымданған. Көбісі жарамсыз жағдайда. Әр үйге барып, тұрғындармен жүздесіп, тосын келген табиғи жағдайға сабырлықпен қарауға шақырған аудан басшысы ең бастысы адам шығыны болмағанын айтып, қалған дүниені қалпына келтіруге әкімдік, ауылдың азаматтары, жалпы ауданымыздың белді кәсіпкерлері жұмыла жөнге келтіретінін жеткізді. Осыдан кейін ауылдық округ әкімдігінде тұрғындармен кездесу өтті. Онда Мәден Тоқтарбайұлы қазіргі таңда арнайы комиссия құрылғанын айтып, шығын мәселесін арнайы мамандар есептейтінін жеткізді. Селден зардап шеккен жандардың ешқайсысы да назардан тыс қалмайтындығы тағы бір мәрте айтылды жиын барысында.
Қазір Үлкен Сұлутөрде арнайы мамандардың шығынды есептеу, жалпы зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету бойынша жұмысы басталған. Аудан әкімінің орынбасары Елдос Нуралиев қазіргі таңда шығынның жобалық сомасы анықталғанын, ол бойынша ақпарат облыстық әкімдікке берілгенін айтты. Бұл тек зардап шеккен үйлер ғана емес, селден бүлінген ауызсу жүйесі, ауылішілік жолдар да реттеледі деген сөз. Тұрғындар тілегі де осында жатыр. Олар аудан басшылығынан жолдарды реттеп, өзге де шығындар жайын жылдам арада шешіп беруді сұрады.
-Апат айтып келмейді. Сол түні тек сіздерде ғана емес Шарбақты ауылында да үлкен сел жүрді. Ол жақта да мал шығыны бар. Ең ауыры ауылға қатынауға өте қажет екі көпірді су шайып кетті. Соның барлығын жылдам арада ретке келтіруіміз қажет. Оған қажетті қаржы бойынша мәселе облыс әкіміне жеткізілген. Аймақ басшысы барлығынан хабардар, өз көзімен көрді, қолдау білдіреді деп ойлаймыз. Қазір ел болып қайта жөндеу жұмыстарын бастайтын боламыз. Масаншы мен Сортөбедегі дүнген ағайындар да қол ұшын созамыз деп көмектерін ұсынып жатыр. Осындай қиын жағдайда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс жүргізуіміз қажет, — деген аудан әкімі өзінің орынбасарлары мен ауыл әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктеді

Leave A Reply

Your email address will not be published.