ҚАЗІРГІ УАҚЫТ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

0

Дүйсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім мен мекеме басшылары, кәсіпкерлер, құқық қорғау органдары қатысты. Күн тәртібінде бірнеше сұрақ қаралды. Оның ең бастысы жуырда ауданымыздың Үлкен Сұлутөр мен Ноғайбай ауылдық округтеріндегі болған табиғат апаты туралы болды.

Аққан селдің кесірінен үйлер, жолдар мен көпірлер қирап, мал шығыны болды. Аппараттық кеңесте аудан әкімінің орынбасары Е.Нұралиев селден келген шығын туралы және билік тарапынан жасалып жатқан жұмыс жайлы баяндап берді. Баяндамашының сөзінше, сел салдарынан 17 үйдің ауласына су кіріп, 5 үйдің ішін су басып, 12 үйдің қора-жайлары мен қоршаулары зақымданған. Сонымен қатар үй-үйді аралау барысында тұрғындардың айтуы бойынша 169 қой-ешкі, 4 жылқы, 2 мүйізді ірі қара, 380 тауық жоғалған. Ауыз су жүйесі, электр желісі істен шыққан, 1 үйдің газ желісі зақымданған. Отар-Көктөбе бағытындағы жол, тау тастарымен көмкеріліп, автокөліктердің жүруіне кедергі келтірілген. Сонымен бірге Шарбақты ауылында мүйізді ірі қара 29 бас, 53 бас қой жоғалғаны айтылған. Орын алған жағдайдың салдарын жоюға арнайы техника мен авариялық топтар жұмылдырылған. Қазіргі таңда ауыз су жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін күндізгі уақытта 3 мезгіл 1 техника тасымалдаумен айналысуда. Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша келтірілген залал мөлшері есептелген.
Жиын барысында осы мәселе айтылып, аудан басшысы аудан бюджетінің арнайы қорынан қаражат бөлінетіндігін және қосымша облыстық бюджеттен қаражат сұралатындығын жеткізді. Сонымен қатар Мәден Тоқтарбайұлы аудан кәсіпкерлеріне көмек қайырымдылық көмек көрсетулерін өтінді. «Мұндай күн әркімнің басына түсуі мүмкін. Табиғат апатынан зардап шеккен жерлестерімізге көмектесу үшін атсалысу қажет. Сондықтан баршаңызды көмек қолын созуларыңызды сұраймын. Осындай кезде біздің бірлігіміз өте қажет», — деп атап өтті. Айта кетерлік жәйт, жиынға қатысқан кәсіпкерлер әкімнің ұсынысына бірден қолдау білдірді. Әрбір жиынға қатысқан кәсіпкер жерлестерге көмектесу қажеттігін айта отырып, өздерінің қандай көмек көрсететіндігін айтты. Кәсіпкерлермен кездесуден кейін аппараттық кеңестің күн тәртібінде тұрған басқа сұрақтар қарастырылды. Мәселен, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Заурбаева Нөлдік табыс бойынша мәліметті жүйеге енгізу және мүгедектерге қолайлы жағдай жасау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Айта кетсек, Қордай ауданы бойынша «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың 7 маусымындағы аудан әкімінің 64-Ө өкіміне сәйкес жұмыс тобы құрылған еді. Міне, осы топ жұмысының нәтижесі бойынша аудан бойынша «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне енгізілетін 12 санаттан тұратын 12437 отбасы анықталды. Мемлекеттің көмегіне мұқтаж азаматтардың ортақ картасын жасау барысында кейбір ауылдық округтер артта қалып, Мәден Мұсаевтың сынына ұшырады. Аудан басшысы мерзіміне сәйкес орындалмаған жұмысы үшін жауапкершілік болатынын ескертті. Сонымен бірге, баяндама барысында А.Заурбаева мүгедектерге қолайлы жағдай жасау бойынша атқарылған жұмысты атап өтті. Бөлім «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы 84, 85-тармақтарын орындау мақсатында 2021-2025 жылдарға аудан бойынша 149 нысанды бейімдеуді жоспарлап қойған екен. Оған тиісті қаражат та бөлініп қойған. Жалпы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орталар толығымен құрылу үшін мемлекеттік бюджеттен барлығы 18 млн. 827,0 мың теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жиын барысында аудан басшысы ауыл әкімдеріне сын-ескертпелер айтып, жұмысты жандандыру бойынша тапсырма берді.
Серғазы МАНАСБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.