23-25 маусым күндері Таиландтың Бангкок қаласында «Жаһандық әйелдер саммиті» өткен болатын. Көшбасшы әйелдердің халықаралық экономикалық және іскерлік форумына әлемнің 51 елінен 600-ден астам нәзік жанды қатысты. Олардың қатарында Қордай аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Кенжекүл Ағыбаева да бар.
Маңызды іс-шара барысында басшылық қызметке әйелдерді тарту, кәсіпорынды кеңейту үшін технологияны пайдалану, мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы серіктестікті дамыту, цифрлық экономикадағы бизнестің қорғалуы, көп буынды жұмыс орнын басқару, виртуалды қаржылық негізгі ағымды түсіну: криптовалюта, киберспорт сынды алуан тақырыптар талқыға салынды.
Жаһандық саммиттер түрлі салада еңбек ететін іскер әйелдердің жаңа білім алуына, бизнес пен көшбасшылықта тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін әлемдік пікір алмасу алаңы болып табылады. Ал бұл жолғы басқосудың дәл Таиландта өткізілуі кездейсоқ емес. Мұнда шағын және орта кәсіпкерліктегі әйелдер үлесі жоғары. Үкімет басында отырған бұрымдылардан бастап әртүрлі корпорациялардың, қоғамдық әйелдер қауымдастығының жетекшілері бас қосқан жиында әйелдердің қоғамдағы мәртебесі мен рөлін арттыру, елдің экономикалық дамуына белсенді атсалысу мәселелері бойынша қатысушылар өзара пікір алмасты.
«Халықаралық саммитке елімізден жалпы 54 азамат қатысса, оның ішінде төртеуі Жамбыл облысынан. Атап айтсам, Тараз қалалық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы М.Қаттабайқызы, қауымдастық мүшелері Л.Жабатаева, П.Ортайқызы және мен. Форумда көтерілген тақырыптардың бәрі өте қызықты болды. Әсіресе заманауи технологияда құрылған кәсіпорындардың негізін қалаған жас кәсіпкерлердің сөйлеген сөздері, презентациялары жоғары деңгейде болды. Азық-түлік өндірісін, ауыл шаруашылығын, коммерциялық жылжымайтын мүлік саласын қамтыған кәсіп иелері бизнес әлеміндегі тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпкерлік экономика дамуының негізі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Таиландта өткен шарадан өзім үшін біраз жаңалық ашып, білім жинақтадым. Жаңа жоспарлар, тың идеялар туындады. Айтпағым мұндай саммиттердің іскерлік әлемінде жүрген қыз-келіншектер үшін пайдасы мол. Бұл біріншіден тәжірибе алмасу, екіншіден – ақыл-ой мен тұлғалық ілгерілеудің негізі»,-дейді Қордай аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Кенжекүл Ағыбаева.