Азаматтармен бетпе-бет отырып сөйлесіп, өтініш-тілектерін, сын-ескертпелерін өз құлағымен тыңдау – басшыларды қара халыққа жақындата түсетіні сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес жергілікті билік өкілдері тұрақты түрде ауыл тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырған мәселелерін шешуге атсалысып келеді.
Еркін форматтағы осындай қабылдаулардың бірін бейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай Қарасай ауылдық округінде өткізді. Халықпен кездесуге әлеуметтік көмек, денсаулық, тұрғын үй, білім салалары бойынша жауапты бөлім басшылары, аудандық полиция бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі өкілдері де қатысты. Құрамына екі елді мекен кіретін Қарасай ауылдық округінің тұрғындары көбіне әлеуметтік көмек, жол, ауыз су, жайылым жерлер мен әлеуметтік нысандардың жағдайына қатысты сұрақтармен қайырылды. Арасында жеке мәселелерімен келгендер де болды.
Осыдан кейін аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай бастаған бірқатар лауазымды тұлғалар Қаракемер ауылдық округінде болды. Бұл жерде де жергілікті тұрғындармен кездескен билік өкілдері халықты алаңдатқан біраз маңызды жайттарға қанық болды. Әр азаматтың мәселесіне мұқият құлақ асқан жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың сұрағына тұшымды жауап беріп, көтерген сұрақтарды назарға алатындарын жеткізді. Сондай-ақ, зерделеуді қажет ететін мәселелерді заң аясында қарап, оң шешімін табуға ықпал ететіндіктерін айтты.