Бүгінде қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті орындарға айналып отыр. Иттер күзетшілік, мал бағып, жаюға пайдаланылып, аңшылық кезінде аң аулау сияқты көптеген қызметтерді атқарып, адамға көмектеседі. Десек те осы жануардан қоғамға, адамдарға қаншалықты зиян келетінін ұмытпаған жөн.
Қордай ауданы аумағында қаңғыбас ит жоқ деуге болады. Бірақ иесі бар, бақылаусыз көшеде жүрген иттер көп. Ең алдымен қаңғыбас, бос жүрген иттер қайдан шығады десек, бұл жайт жануарлар иесінің дұрыс қарамауынан, итті бос жіберуінен, жауапсыздық салдарынан орын алады. Алайда адамдарды тістеу фактілері азаяр емес. Мұндай иесіз иттердің өмірімізге қаншалықты қауіпті екенін біле тұра, олардың санын көбейтпеуді, қазірден бастап жоюды дұрыстап қолға алған жөн. Иә, қаңғыбас иттердің көбеюіне өзіміз себепкер боламыз. Себебі, күшік кезінде асырап, бағып-қағып, кейін өскен соң бос жібере саламыз. Осыдан келіп қаңғыбас итке айналады. Тағы бір назар аударатын жайт, иттер жылына екі рет күшіктейді. Сонда олар жылына 8-10 күшікке дейін көбейеді. Қаңғыбас иттердің саны да осындай жағдайдан кейін өсе түседі. Итті күшігімен тұрғын үйлер жанындағы қоқыс жәшіктердің жанына тастап кететіндер баршылық. Күшіктердің еркегін асырап алып, ұрғашысын қаңғытып жібереді. Ол күшік қоқыс аралап жүріп өсіп, қаңғыбас иттер қатарына қосылады.
Қаңғыбас иттерді және мысықтарды аулауды Қордай аудандық ветеринариялық станциясы жүзеге асырады. Ит пен мысық ұстау қағидаларын дұрыс орындасақ қаңғыбас иттердің саны әлдеқайда азаятынына күмән жоқ. Олардың санын азайтпаса, уақыт өте келе қоғамға өте үлкен зиян келтіреді.
Ғ.САБРАЛЫ,
«Қордай ауданының ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК директоры