ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗГІ ДРАЙВЕРІ

0

Қазақстан – экономикалық әлеуеті тұрғысынан посткеңестік кеңістікте Ресейден кейінгі екінші, Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде экономиканың түрлі секторына мол инвестиция тарта білді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында республикаға 121 мемлекет инвестиция салды. 30 жылда Қазақстанға құйылған тікелей шетелдік инвестицияның көлемі 360 миллиард АҚШ долларына жетті. Ең көп ақша салғандардың бестігіне АҚШ, Нидерланд, Швейцария, Қытай және Ұлыбритания кіреді. Ал алғашқы үшеуінің біздің экономикамызға құйған жиынтық қаржысы басқа инвесторлардың бәрін қосқандағы сомадан да көп.
Қазақстан көпвекторлы саясат жүргізеді, сол себепті де АҚШ бастаған Батыс елдерінің коалициясымен де, Ресей және Қытаймен де тығыз экономикалық байланыстар орнатқан. Егер таза экономикалық мәселе тұрғысынан қарастырсақ, Қазақстанның инвестициялық саясатта ұстанатын басты принципі әр елдің қаржылық әлеуетіне және технологиялық мүмкіндіктеріне қарай жүргізіледі.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЛИМАТТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Инвестициялық климатты жақсартуға көп факторлар әсер етеді: саяси, экономикалық және әлеуметтік. Еліміз тәуелсіздік жылдарында шетелдік инвестицияны тарту үшін қолайлы әлеуметтік, қаржылық-экономикалық, құқықтық режим орната білді. Қазақстанның әлемдік сахнадағы экономикалық және саяси беделі жылдан-жылға артып келеді. БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдарға қабылданды, Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болып кірді.
Қазақстанда көрші елдермен салыстырғанда инвесторларға айтарлықтай жақсы жағдай жасалған. Соның ең бастысы – салықтық жеңілдік. Сондай-ақ елімізде өздерінің жобасын іске қосатын көптеген шетелдік компания электронды үкімет жұмысының үйлесімділігін де атап отыр. Ол жобаға қатысты құжаттар мен лицензияны неғұрлым жедел және ашық түрде алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ біздің елде жаңа өндіріс ашу үшін қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, Ресейде ҚҚС едәуір жоғары – 20%, ал Қазақстанда ол –12%. Екі елдің кіріс салығы бірдей, бірақ біздің елде компанияны үш жылдан кейін дивиденд салығынан босату мүмкіндігі қарастырылған, РФ-да мұндай жеңілдік жоқ.

ЭКОНОМИКАНЫ ҚУАТТАНДЫРУ ШАРТЫ

Экономикаға инвестиция құю – ел дамуы үшін аса өзекті шарттардың бірі. Көптеген елдің әлемдік тәжірибесі көрсеткендей, шетелдік инвестиция ағыны мен оны жүзеге асыруды мемлекеттік реттеу экономикаға оңтайлы нәтиже береді. Инвестиция жеке кәсіпкерліктің орнығуына, ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қаржыны шоғырландыруға, аралас компанияларды құруға және несие капиталын қалыптастыруға игі әсер етеді. Қазақстанның экономикасы әлемдік шаруашылықтарға неғұрлым ұтымды интеграцияланса, соғұрлым тиімді болмақ. Шетелдік инвестиция инновациялық өндірістердің, жұмыс орындарының ашылуына тікелей әсер етеді, сонымен қатар ұлттық бюджетке қомақты салық түсіреді.
Қазақстанға тікелей инвестициялар бірлескен кәсіпорындар, еншілес кәсіпорындар құру, мемлекеттік кәсіпорындарды шетелдік капиталдың қатысуымен жекешелендіру, ірі өнеркәсіпорындарын шетелдік фирмалардың басқаруына беру және банк секторын инвестициялау арқылы келеді. Бүгінде елімізде Түркияның, Қытайдың, Германияның, АҚШ-тың, Италияның, Оңтүстік Кореяның, Ұлыбританияның, Ресейдің және басқа да мемлекеттердің қатысуымен 10 мыңнан аса бірлескен кәсіпорындар мен еншілес кәсіпорындар құрылған.

ІНДЕТКЕ ДЕЙІНГІ БАҚУАТТЫ КЕЗЕҢ

Инвестициялық саясаттың ұтымды үйлестірілуінің арқасында соңғы он жылда ғана ұлттық экономикаға 250,2 миллиард доллар көлемінде табыс түскен. Аталмыш үрдіс Қазақстанның инвестициялық саясатының тиімділігін айқындап берді. Ел тарихында тікелей шетелдік инвестициялардың ең үлкен мөлшері 2012 жылы болыпты. Сол жылы құйылған инвестиция мөлшері 28,9 миллиард АҚШ долларын құраған.
Жалпы, әлем экономикасында инвестицияларды тарту мен экспортты дамытудың негізгі құралдарына арнайы экономикалық аймақтар және индустриялық аймақтар құру жатады. Тұтастай алғанда, осы негізде еліміздің 11 өңірінде 12 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Еліміз бойынша барлық арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымының құры-лысына бюджеттен 314,3 млрд теңге бөлінген болатын.

ІНДЕТ КЕЗІНДЕГІ СЫНДАРЛЫ ШАҚ

Пандемияның салдары планетаның барлық елінің экономикасы мен ЖІӨ-не тікелей әсер етіп, жаһандық іскерлік белсенділік пен халықаралық сауда көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін төмендеді. Мәселен, БҰҰ есебі бойынша, ғаламдық экономикадағы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 42%-ға кеміді. Экономикасы осал мемлекеттерде ол тіпті 77%-ға құлдырап кеткен. Қазақстанда 2020 жылы тікелей шетелдік инвестиция 29,8%-ға азайды. Ол 17 млрд АҚШ долларын құрайды.
Аз ақша емес. Оның 8,2 миллиард доллары тау-кен секторына, оның ішінде мұнай, газ және металл кендерін өндіру саласына жұмсалды. Сауда саласына – 2,5 миллиард доллар, қаржы саласына – 1 миллиард, құбыр құрылысына 900 миллион доллар салынды. Өңдеу өнеркәсібіне 3,2 миллиард доллар бөлінген. Ауылшаруашылық саласына 12 миллион доллар тікелей инвестиция салынған.
Мемлекеттің дер кезінде әрі оңтайлы қолданған қорғаныш шараларының арқасында індеттің инвестиция тасқынына тигізетін бірқатар жағымсыз әсерінен аман қалғанымызды да айта кеткен жөн.
«Үкімет індетке дейінгі жоспарланған жобалардың ешқайсысының тоқтап қалуына мұрша бермеді. Соның арқасында 2020 жылы шетелдік инвесторлардың 41 жобасы іске асырылды. Оған жалпы сомасы 1,6 млрд доллар шетелдік инвестиция салынып, 7,1 мың жұмыс орны құрылды», – дейді вице-премьер.
Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап жалпы сомасы 4,4 млрд доллар болатын 36 жоба жүзеге асырылатын болған. Сонымен қатар мемлекет шетелдік инвестиция мен технологияның көмегімен еліміздің өнеркәсіптік және шикізаттық емес әлеуетін арттыруды мақсат етіп отыр. Жалпы айтқанда, бұл салада да жетістіктер бар деп айтуға болады. Мәселен, 2010 жылы өңдеу өнеркәсібіне салынған тікелей шетелдік инвестиция жалпы көлемнің 10%-ын құраса, 2020 жылы ол 18,5%-ға жеткен. Осы екі аралықта 10 жыл ішінде 39,4 млрд доллар салынған. Осы уақыт ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 2010 жылғы 3,8 трлн теңгеден 2020 жылы 13 трлн теңгеге дейін жетті, яғни 3,4 есе өсті.
Жалпы, негізгі капиталға салынатын инвестиция көрсеткіштері мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің және Үкіметтің салаларының бірінші басшыларының бақылауына алынған. Басты мақсатта негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін ЖІӨ-ге шаққанда 30%-ға дейін, тікелей шетелдік инвестицияның көлемін 30 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жоспары бар.
Жыл сайын мемлекеттік органдардың алдында инвестиция бойынша 2021-2025 жылдарға арналған мақсатты көрсеткіштер бекітілген. Олардың нәтижесі инвестициялық штабтың отырыстарында тұрақты талқыға салынады. Сондай-ақ инвестиция бойынша ұлттық баяндама жасалады, мұнда өңірлердің рейтингі жасалынады.
Дәулет АСАУ

Leave A Reply

Your email address will not be published.