Адамзат баласының шынайы жылнамасы тарих. Ол өткен мен бүгіннің алтын көпірі іспеттес. Онсыз ешбір ұлт, ешбір ұлыс өзінің шежіресін тарқатып, тарихын талдай алмасы анық. Бүгінде көнеден сыр шертетін осындай киелі орындардың бірі ауданымыздың іргесіндегі «Таңбалы тас» петроглифтері.
Бүгінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген тарихи орын Аңырақай даласындағы Таңбалы өзенінің қос сағасында орналасқан. Киелі мекеннің зерттелген аумағы ондаған шаршы шақырымды құрайды. Бір қарағанда шатқалдағы петроглифтер көне көркемсурет галереясы тәрізді. Алайда, әлемдік ғалымдар мен туристтердің қызығушылығын тудырып, талайды таңырқатқан археологиялық қорық-мұражайда ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы салт-дәстүрі, өмір тәжірибесі көрініс тапқан. Нақтырақ айтсақ, Таңбалы аумағында 100-ден астам археологиялық ескерткіштер, 5000-ға жуық петроглифтер, қола дәуірінің суреттері (б.з.д. XIV-XII ғ.ғ.), ежелгі кен шығаратын орындар және тұрақтар бар.
Жалпы, мұндағы петроглифтер бірнеше топтан тұрады. Мысалы, VI-топ петроглифтерінің тұсына қойылған гранит тақтайшаға мынадай мәлімет жазылған: «Қола дәуірі, ерте темір ғасыры, орта ғасыр. Мұнда қола дәуірінде тасқа ойылып салынған 250-ден астам жануарлар мен адамдардың кескіндері бар. Бұл композициялар сол кездегі адамдардың тұрмысынан сыр шертеді. Ал, ерте темір дәуіріндегі суреттерде аңшылық өнері көрініс тапса, ортағасырлық суреттерде ту ұстаған атты жасақтар, түркі тайпаларының таңбалары салынған». Расында, мұндағы көне петроглифтер Орта Азиядағы жартастағы кескіндеме өнерінің ең кереметі болып табылады.
Осылайша, жұмыс барысымен жолымыз түсіп, киелі мекен — «Таңбалыны» құмарымыз қанғанша аралаған біз осында әр ғасырда, әр дәуірде өмір сүрген адамдардың өміріне бір үңілгендей әсерде қалдық. Бір қуантарлығы, ғасырлар бойы күнге қақталған жалпақ жартастардағы көне кескіндер тек қазақстандықтарды емес, шетелдік азаматтарды да қызықтырады екен. Осы күні Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген петроглифтерді тамашалауға бізбен бірге мұхит асып Австралияның, АҚШ-тың, Қытай мен Ресейдің азаматтары да келіпті.
«Мен Қазақстан жайлы көп білемін. Тарихы өте терең әрі бай мемлекет. Ғаламтордан осы орын жайлы ақпарат жинақтап, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан отбасыммен бірге келуге бел байладым. Осындай тарихи орынды өз көзіммен көре алғаныма өте қуаныштымын. Алдағы уақытта Қазақстанның тағы басқа киелі орындарын аралаймын», — деген австралиялық қонақ Noah Jones еліміздің гүлденуіне тілектес екенін жеткізіп, қонақжай қазақстандықтарға сәттілік тіледі.