Жұртшылыққа ноутбук пен компьютерге үңілгеннен гөрі смартфондарды пайдалану ыңғайлы. Сондықтан мемлекеттік қызметтің көптеген түрін телефонның көмегімен алуға болатындай деңгейге қол жеткіздік. Әңгімеміз – EGov mobile мобильді қосымшасы жөнінде. 2019 жылы іске қосылған қосымшаны бүгінде 2,4 млн қазақстандық белсенді пайдаланады.
Құжаттарды цифрлы форматқа көшіру – мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Қағазбастылықтан арылып, неғұрлым онлайн қызметтерді көбейту – әлемдік ақпараттық технология көшіне ілесудің бір жолы. Соның бір көрінісі – Электронды үкіметтің мобильдік қосымшасы.
Бүгінде қосымшада 400-ге жуық мемлекеттік онлайн қызмет пен eGov.kz және E-lisence портал сервистері енгізілген. Енді 2022 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-ын «смартфондау» жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай Президенттің тапсырмасы бойынша бұл көрсеткіш 100% межеге жеткізілмек.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арай Уразованың айтуынша, жұртшылықтың игілігіне айналған EGov mobile мобильді қосымшасы қолданысқа енгізілгелі бірнеше рет жетілдірілген. Өткен жылдың наурыз айында eGov mobile жаңартылған нұсқасы іске қосылған. Ал қазір қосымшадағы 400-ге жуық мемлекет ұсынатын қызметтің 150-і – eGov.kz порталындағы нұсқа болса, 250 қызметі – e-license порталында жеке тұлғаларға көрсетілетін қызмет. Бұл жалпы мемлекет көрсететін қызметтің 72%-ын құрайды.
«EGov mobile іске қосылған сәттен бастап, бүгінге дейін 29 092 402 қызмет түрі көрсетілді. Белсенді пайдаланушылар саны едәуір артты. Егер 2019 жылы шамамен 510 мың пайдаланушы болса, 2020 жылы – 3,3 млн, 2021 жылы – 6,6 млн, 2022 жылғы маусымда 12,5 млн азамат мобильді қосымшаны пайдаланады», дейді А.Уразова.
Қосымшада бірнеше үлкен бөлім бар. Олардың көмегімен қажетті құжатты немесе көрсетілетін қызметті оңай табуға болады. Айталық, «Цифрлы құжаттар», «Өмірлік жағдайлар», «Көрсетілетін қызметтер» (eGov.kz және e-License қызметтердің жеке каталогы), «Хабарламалар» және т.б.
Мұндағы «Цифрлы құжаттар» сервисінің өзі 18 құжаттан тұрады. Мысалы, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, вакциналау паспорты, ПТР тест және туу туралы куәлік және басқа да құжаттар осы бөлімге топтастырылған. «Пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін белгілі бір тақырып бойынша пайдалы ақпарат жиынтығынан тұратын «Өмірлік жағдайлар» жаңа бөлімін іске қостық. Бұл сервис азаматтарға қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін алуға өтінім беруге және ақпаратты іздеу кезінде уақыт үнемдеуге арналған», дейді маман. Жұртшылық арасында ең танымалы болған бұл сервис түрін интернетсіз-ақ пайдалануға болатынын естеріңізге саламыз.
Бұған қоса, қосымшаны қолданушылар цифрлы құжаттардан қандай да бір қатені байқаса, оны тиісті мекемеге хабарлай алады. Ол үшін «қате туралы хабарлау» батырмасын басып, e-Otinish платформасы арқылы тиісті мемлекеттік органға өтініш жолдайды.
Сондай-ақ АХАТ (бұрынғы АХАЖ) жүйесінде қателерді де қосымшадан түзеуге болады. Мәселен, туу туралы куәлік, неке қию және бұзу, бала асырап алу, әкесі екенін анықтау, аты-жөнін өзгерту, қайтыс болу туралы мәліметтерді жөндеу керек болса, қосымша арқылы оған да қол жеткізуге болады.
«Біз қосымшаны үнемі жетілдіріп отырамыз. Жақында әлемдік тәжірибені ескере отырып, қосымшаға биометрия көмегімен кіруді енгіздік. Оның артықшылығы көп. Атап айтқанда, қосымшаға Face ID, саусақ ізі немесе қысқа код арқылы кіруге болады. Сонымен қатар push хабарлама алу, ЭЦҚ кілттерін шығару, e-otinish платформасы арқылы өтініштер жіберу мүмкіндігі бар. Авторизациядан өту туралы толық бейне¬нұсқаулықпен https://www.youtube.com/watch?v=EBRnNfJlBJA&feature=youtu.be сілтемеден танысуға болады», дейді «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Айтпақшы, ЭЦҚ кілтін де осы мобильді қосымшадан алуға болады. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ. Ең бастысы, қосымшада бейне сәйкестендіруден өтіп, сұрақтарға жауап беру керек. Процесс қарапайым әрі оңай.
Әлбетте, интернетте жеке деректермен жұмыс істеу бір жағынан пайдалы болса, екінші жағынан қауіпті. Себебі жеке мәліметтер абайсызда жария етіліп, кейбір пысықтар оны жеке мүддесіне пайдаланып кетуі мүмкін. Бірақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мамандары eGov mobile қосымшасы қауіпсіздік жағынан сенімді қорғалған деп отыр. «Бұл жерде пайдаланушылар үшін басты қауіп – ЭЦҚ кілтін салықтарды төлеу, азаматтарды тіркеу және шығару, әртүрлі анықтама мен құжат алу, айыппұлды төлеу, т.б үшін үшінші тұлғаға беру. Жеке цифрлы қолтаңбаны ешкімге бермеу керек. Тіпті ЭЦҚ жабық кілтін басқаларға бергені үшін айыппұлдар да қарастырылған: жеке тұлғаларға – 10 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 15 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады», дейді А.Уразова.
Мамандар жеке деректерді қорғау үшін мына қағидаттарды есте ұстауға шақырады: ЭЦҚ кілтін үшінші тұлғаларға бермеу; ұйымдағы қызметкерлерде пайдаланушылардың ЭЦҚ-сы болады, ол жұмыстан шыққан жағдайда ЭЦҚ-ны кері қайтарып алуды қадағалау қажет; ресми қағаздарға қол қоюға жауапты қызметкерлерге жеке ЭЦҚ беру; ЭЦҚ бар флешка жоғалған жағдайда бірден жаңа электрондық қолтаңба ашу; Халыққа қызмет көрсету орталықтарында алынған ЭЦҚ паролін жеке тұлға өзі ауыстырып алуы керек, себебі, онда көбіне қызметті жылдам көрсету үшін оңай әрі жылдам терілетін уақытша парольдер пайдаланылады және ЭЦҚ алу үшін бейтаныс адамдардың көмегіне жүгінбеу қажет.
Жоғарыда аталып өткендей, мобильдік қосымшадағы цифрлық құжаттарды алу үшін биометрия және ЭЦҚ көмегімен тіркеуден өту қажет. Құжаттарды көрсеткен кезде қысқа код және QR код пайдаланылады, бұл код аз уақытқа ғана жарамды екенін ескеру қажет, дейді мамандар.
Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды дамыту және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл ел азаматтарына цифрлы құжаттарды көптеген өмірлік жағдайда кедергісіз пайдалануға және олардың қолдану аясын ұлғайтуға мүмкіндік береді, дейді мамандар.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ