Қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық құндылықтарының негізінде қарияға деген құрмет ерекше орын алады. «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген халық даналығы осының айғағы. Қария – тек жасы үлкен адам емес, ол өмірлік тәжірибесі мол, даналықтың, сабыр мен парасаттың иесі.
Халқымыз жасы келген адамдарды ақылдың кеніші, істің көзін білетін тәжірибесі мол жандар деп, оларға мәртебелі құрметпен қараған. Үлкендердің айтқан ақылы, олардың тұжырымдары мен парасат-пайымы жастар үшін бағыт-бағдар болып табылады.
Журналистік сапарымызда өмірінің белесін адал еңбекке бағыттай отырып, туған топырақтың гүлденуіне арнаған – Тәуекел Жамантаевпен тілдесудің сәті түсті. Тәуекел ата 1956 жылы Қордай ауданына қарасты бұрынғы Рисароб, қазіргі Қақпатас ауылында дүниеге келген. Қарапайым ауылдың, қоңыр тіршілігінде өскен кейіпкеріміз, жастайынан еңбекке бейім, тәртіпке берік болып қалыптасты.
1974-1976 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп, темірдей тәртіп пен төзімділіктің нағыз мектебінен өтті. Бұл кезеңде кейіпкеріміз жауапкершілікті сезініп, өзінің Отан алдындағы міндетін орындау арқылы азаматтық борышын адал атқарды. Әскери қызметі кезінде алған тәжірибелері оған кейінгі өмірінде үлкен әсер етті, оның ішкі тәртібін қалыптастырып, қиындықтарға қарсы тұруға мүмкіндік берді.
1976-1978 жылдары Красногор совхоз техникумында «зоотехник» мамандығын меңгеріп білімін тәжірибе жүзінде бекітіп, ауыл шаруашылығында өзінің мансабын бастауға дайын болды. Оқуын тәмамдағаннан кейін, 1978 жылы Сарыбұлақ совхозына жұмысқа орналасты. Сол жылдары ауыл мектебіне орналасып «сызу» пәнінен сабақ беріп, аз-кем тәжірибе жинады. 1983-1995 жылдары «Өрікті» бордақылау кешенінде қызмет атқарып, қойма меңгерушісі лауазымына дейін көтерілді.
Оның өмірден алған тәжірибесі мен еңбек жолы – жас ұрпаққа үлгі боларлық дүние. Тәуекел атаның қажырлы еңбегі, сабырлылығы және көптеген жетістіктері – қазіргі заманға қажетті рухани азық.
Тәуекел Жамантаев өзінің өмірлік жолымен, адалдықпен және еңбекқорлықпен, көпшілігімізге үлгі болып отыр. Ауылдың өркендеуі үшін, жастардың бойында патриотизмді, адамгершілікті және еңбек сүйгіштікті қалыптастыруда оның рөлі айрықша. Қазақ халқына тән дәстүрлерді сақтап, болашақ ұрпақтарға жеткізу – кез келген адамның парызы, соның ішінде Тәуекел Арыстанбайұлының еңбегі осы ата-баба мұрасын бүгінгі күнге жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Таяуда, ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп Тәуекел Жамантаев, аудан әкімі Бегзат Болатбековтың өкімімен «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат Тәуекел атаның туған жерінің гүлденуіне қосқан үлесі мен адал еңбегінің нәтижесі.
Қазыналы қарияларымыздың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдарының орны – біз үшін бөлек. Себебі, еліміздің өсіп-өркендеуіне олардың қосқан үлестері мен еңбектері ерен. Қай кезде де, небір сын сағатта халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман жүрсе, ұрпақтарының ең үлкен қуанышы сол болмақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет», — деп атап өтуі өте орынды. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тапқан кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі.
Әділет САТЫШЕВ