Кейбір мамандықтарды жай ғана жұмыс деп қабылдау мүмкін емес. Орманшы болу үшін табиғатты шын жүректен жақсы көру қажет. Бұл салада бағыт-бағдарды білу немесе атқа міну ғана жеткіліксіз. Табиғаттың тынысын сезініп, оның ерекшелігін түсініп, кез келген уақытта қорғауға дайын болу керек.
Осындай жандардың бірі – Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі «Қарақоныз» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орманшы-қорықшысы Қуан Мұздыбаев.
Қуан аға үшін орман – қызмет орны ғана емес, өмірінің ажырамас бөлігі.
Орманшылардың жұмыс күні көпшілік оянбай тұрып басталады. Таңғы сағат жетіден бастап олар өздеріне бекітілген аумақты аралауға шығады. Алғашында романтикаға толы көрінетін бұл кәсіптің өзіндік қиындығы аз емес. Атпен ұзақ жол жүру, қиын өткелдерден өту, табиғаттағы өзгерістерді жіті бақылау және кең аумаққа жауап беру – орманшы жұмысының күнделікті міндеті.
Қуан аға бұл салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол Қарақоныздың әр сайы мен жотасын, әр соқпағы мен ағашын жатқа біледі.
– Өз қолыммен отырғызған ағаштар да бар. Сондықтан бұл жердің бәрі маған ыстық, – дейді ол.
Бұл сөздердің астарында үлкен мән жатыр. Қуан Мұздыбаев – орманшылықты кәсіп қана емес, өмірлік жол ретінде таңдаған әулеттің өкілі. Әкесі де табиғатты қорғау саласында еңбек еткен. Бүгінде Қуан аға тұрып жатқан орманшы үйінде кезінде әкесі де өмір сүрген. Өткен ғасырдың 60-жылдары салынған шағын үй бірнеше буын орманшылардың өмір жолынан сыр шертеді. Қуан ағаның табиғатқа деген сүйіспеншілігі де, туған жерге деген жауапкершілігі де осы ортада қалыптасты.
Оның жауапкершілігіндегі аумақ 1200 гектарды құрайды. Осы жылдар ішінде мыңдаған шақырым жол жүріп, өзіне сеніп тапсырылған жердің әр бөлігін бақылауда ұстап келеді.
Кезекті тексеру барысында орманшы айналаны мұқият бақылайды. Заңсыз ағаш кесу фактілері, от жағу іздері, браконьерлердің әрекеті немесе зақымданған ағаштар бар ма – бәрі назарында.
– Ең бастысы – ешнәрсені көзден таса қалдырмау. Табиғат үнемі өзгеріп тұрады. Оны түсіне білу керек, – дейді Қуан аға.
Орманшы мамандығы тек төзімділікті ғана емес, батылдықты да талап етеді. Қызмет барысында түрлі жағдайлар кездесуі мүмкін. Сондықтан орманшыларға қызметтік қару берілген.
– Орманнан қауіп жоқ. Кейде адамдардың әрекетінен сақ болуға тура келеді. Өз аумағымызды қорғауымыз керек, – дейді ол.
Қуан аға көп сөзге жоқ. Бірақ әр айтқан сөзінен өз ісіне деген адалдық пен жауапкершілік сезіледі.
Оның табиғатқа деген қамқорлығы әсіресе жол бойындағы әңгімесінен анық байқалады. Ол дәрілік өсімдіктерді таныстырып, сирек кездесетін шөптер туралы айтып береді. Жас көшеттерді күтіп-баптаудың қыр-сырымен де бөліседі.
Үйінің маңында орналасқан шағын тәлімбақта шырша көшеттері өсіріледі. Орманшы 25 сотық жерді тұрақты түрде күтіп ұстайды. Оның айтуынша, қылқан жапырақты ағаштарды өсіру оңай емес. Бір шыршаны отырғызуға жарамды деңгейге жеткізу үшін шамамен бес жыл уақыт қажет.
Қуан ағаның өмірі тау мен орманның, табиғаттың аясында өтіп жатыр. Мұнда қаланың қарбаласы да, тұрақты байланыс та жоқ. Бірақ ол үшін ең қымбат дүние – туған табиғат.
Қыс мезгілінде Қарақоныздың ауа райы қатал болғанымен, орманшы өз қызметін тоқтатпайды. Жыл бойы, демалыс пен мереке күндеріне қарамастан табиғатты қорғау ісін жалғастыра береді.
Ең қуантатыны – табиғатқа деген жанашырлық олардың отбасында жалғасын тапқан. Қуан Мұздыбаевтың ұлы да осы саланы таңдап, әке жолын жалғастырып келеді.
Қуан ағаға қарап отырып, оның өзі қорғап жүрген табиғатқа ұқсайтынын аңғарасың. Сабырлы, байыпты, төзімді. Қажет кезінде қорғауға дайын.
Көп жылғы адал еңбегі үшін Қуан Мұздыбаев түрлі марапаттарға ие болған. Дегенмен оның өзі ерекше бағалайтыны – мінсіз қызметі үшін табысталған медаль. Бұл – туған жердің табиғи байлығын қорғауға саналы ғұмырын арнаған азамат еңбегінің лайықты бағасы.
Шолпан САБАНОВА