Адал еңбегімен халықтың алғысына бөленіп жүрген жандар қай кезде де қоғамда ерекше құрметке ие. Еңбек адамын дәріптеу – елдің дамуына үлес қосып жүрген қарапайым жандардың тіршілігін насихаттау деген сөз. Осындай еңбекқор жандардың бірі – Қордай халқы арасында «Қасем ата» атымен кеңінен танылған Абдулқасим Аббасов.
Абдулқасим Аббасов 1973 жылы дүниеге келген. Ол небәрі 53 жаста екен. Мейрімді дидары үшін балақайлар оны ата деп атап кеткен сыңайлы. Ұлты – өзбек. Қазақстанға көшіп келгеніне биыл 15 жылдың жүзі болмақ. Ол Қордай өңірін жанына жақын көретіндігі жөнінде ерекше ықыласпен айтып жүреді. Қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлығы оны осы жерге бауыр басып кетуіне себеп болған.
Қасем ата қазіргі таңда Қордай ауданындағы көпшілік жақсы танитын балмұздақ сатушы. Оның балмұздағын, әсіресе, жаз мезгілінде балалар мен жасөспірімдер сүйсініп жейді. Ыстық күндері дүкен маңынан адамдардың үзілмейтінін байқауға болады. Қордай тұрғындары бұл кісіні тек дәмді балмұздағымен ғана емес, қазақ тілінде таза сөйлеп, әр адаммен жылы қарым-қатынас жасай білетін қарапайым мінезімен де ерекше құрметтейді. Кәсіп иесі саудамен жалпы 10 жылдан бері айналысып келеді. Ал, өзінің қазіргі шағын балмұздақ дүкенін 2018 жылы ашқан. Осы уақыт ішінде ол Қордай тұрғындарының сүйікті кәсіпкерлерінің біріне айналып үлгерген. Қасем атаның жұмыс күні таңғы сағат 10:00-де басталып, түнгі 23:00-ге дейін жалғасады. Күні бойы халыққа қызмет көрсетіп, дүкеннің тазалығын қадағалап, тұтынушылармен жылы сөйлесіп отыру – оның күнделікті жұмысының бір бөлігі. Ұзақ уақыт бойы тік тұрып жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, ол өз кәсібін сүйіп істейтінін айтады.
-Адамдардың риза болып, күліп кеткенін көрудің өзі үлкен қуаныш, — дейді Қасем ата. Оның айтуынша, күніне шамамен 50-ге жуық адам келеді. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында сауда қыза түседі. Ал жаңбырлы әрі салқын күндері адам аздау болғанымен де жұмыс тоқтамайды. Кәсіптің де өз қиындығы бар. Қасем ата үшін еңбасты талаптардың бірі – тазалық сақтау. «Балмұздақ сатылатын орын болғандықтан, дүкен іші әрдайым таза, ұқыпты әрі жайлы болуы керек», — дейді ол. Шынында да, дүкеннің атмосферасы өте жағымды. Қасем атаның тұтынушыны күліп қарсы алып, дәмді балмұздағын ұсынып, шығарып салуының өзі тұтынушыға өте жақсы әсер қалдыратыны байқалады.
Қасем ата бұрын құрылыс саласында еңбек еткен. Қыс мезгілде қазір де жөндеу жұмыстарымен айналысады екен. Ал жаз мезгілінде бар уақытын балмұздақ саудасына арнайды. Ол балмұздақ сатуды жай кәсіп емес, өзінің сүйікті ісі әрі хоббиі ретінде көретінімен бөлісті. «Бұл жұмысты өз қызығушылығым үшін де істеймін. Халықпен араласқан ұнайды», — дейді ол. Отбасы да кәсіпке қолдау көрсетеді. Жақындары дүкен жұмысында жәрдемдесіп, бірге еңбек етеді. Осындай ауызбіршіліктің арқасында кәсіптері де алға басып келеді. Қордай халқы Қасем атаны ерекше жақсы көреді. Ол да халықтың өзіне деген ықыласын ерекше сезінетінін жасырмады. «Қордайды жақсы көремін. Мұндағы адамдар өте жылы жүзді. Үлкендері де, жастары да жақсы сөйлеседі, құрмет көрсетеді», — дейді кәсіп иесі. Жастарғада айтар ақылы да бар. Оның ойынша, адам қандай іс бастаса да, оны соңына дейін жеткізе білуі керек. «Ең бастысы — жақсы оқуы керек. Бастаған істі жарты жолда тастамау да маңызды. Еңбек еткен адам ешқашан жаман болмайды», дейді Қасем ата. Адал еңбекпен халықтың алғысына бөленіп жүрген осындай жандар – қоғамның тірегі. Қарапайым кәсіп арқылы елге қызмет етіп жүрген Қасем ата секілді еңбек адамдарының өмір жолы көпшілікке үлгі болары сөзсіз.
Зере ТОҚТАР, М.Х. Дулати атындағы Тараз университеінің 1-курс студенті