АДАМДЫҚ ҚАЛЫБЫНАН АЙНЫМАҒАН

0

Алла пешенесіне жазған қамшының сабындай қысқа өмірді кім қалай өткізеді? Тал бесіктен жер бесікке дейінгі өлшеулі уақытта сөзімен де, ісімен де қадірін жоғалтпай, өнегеге тұнған салауатты ғұмыр кешкен, адамшылықтың арқау жібін босаңсытып алмай, айналасына ізгілік ұрығын сеуіп жүрген жандар, шүкір, арамызда баршылық. Солардың бірі — қаракемерлік Садық Далдаев еді. Оның да бұл фәнидегі дәм-тұзы таусылып, жамбасы жерге тигелі қырық күнге таяп қалыпты.

Садық қаршадайынан жетімдіктің тауқыметін молынан тартты. Әкесі Саудабай мұның екі жасында сұрапыл соғысқа кетіп, қайта оралмады. Анасы да төтеннен ажал құшты. Садық қарт әжесі Күлиманның тәрбиесінде ерте есейді. Ауыл мектебінде оқыды, шоферлік курсты бітіріп еңбекке араласты. Тағдыры оған ата-ана мейірімін қимағанымен, екінші жағынан Әсиядай адал жарға жолықтырды. Қара шаңырақтың шайқала жаздаған шаңырағы, солай қайтадан тіктеді. Олар комсомолдық жолдамамен колхоздың тауық фермасына барып, ондағы кенеуі кеткен тірлікті аз уақытта жөніне келтірді. Жас құс өсірушілердің өнімді еңбегі туралы аудан асып, облысқа белгілі болды. Олар кезегімен ауылдық, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болды. Садықтың жаратылысынан бейнетқор, үйде бір сәт қол қусырып отыра алмайтын тынымсыздығы мен шеберлігі алдағы көп игіліктерге жол ашқан болатын. Ол партияға өтіп, жоғары оқу орнында сырттай оқып зоотехник мамандығын меңгерді. Колхозда бордақы фермасының меңгерушісі, зоотехник, партком хатшысының орынбасары, халықтық бақылау тобының жетекшісі, колхоз төрағасының орынбасары қызметтеріне көтерілді. Ал, ең бастысы — әкеге қарап ұлдары, шешеге қарап қыздары бой түзеді.  Әсия «Күміс алқалы» ана атанды. Жұрттың қалауымен қаншама жас жұбайларға өкіл әке-шеше де болды олар. Өздерінің бақыт бағын өз қолдарымен жайнатып жүрген іскер де инабатты жандармен жекжат болуға әркім-ақ құштар еді.

Өмір жолы әрдайым тақтайдай тегіс бола бермейтіні бар. Төтеннен келген сыннан да өткен бұл отбасы. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы әйгілі «Тоқпақ ісі» талайлардың сағын сындырған болатын. Мемлекеттік жоспарды қалайда орындау жолында жоғарыдағы ұр-тоқпақтардың пәрменімен төмендегілер небір айла, амалдарға баруға мәжбүр болды. Ет жоспарын ақша өткізіп орындау ол кезде әр-әр жерде белең алып еді. Сол үшін ет комбинатынан бастап, айналадағы қаншама колхоз, совхоздың басшылары мен мамандары істі болды. Солардың қатарында Садық та бірер жылды арқалады. Түзеу мекемесінде де Сәкең бала жастан меңгерген ұсталық шеберлігімен танылды. Тағдыры оған мұнда да жақсы адамдарды жолықтырды. Аса бір сұңғыла қари молда ұстаздық етіп, бірер жылда қасиетті Құранды түпнұсқадан оқуды меңгеріп, құдай жолына бет бұрып келді.

Келе сала ауылдың басынан мешіт тұрғызуға бастамашы болды. Өзі ұста, өзі бағбан Садықтың қолымен айналасы жасыл-желекке малынған бұл мешітке Қазақстанның алғашқы муфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы өзі арнайы келіп алғысын айтып, Садықты имамдыққа тағайындап кетіп еді. Бұл елімізде дінге көзқарас түзеліп, енді-енді мешіттер салына бастаған кез еді. Қаракемер мешіті ауыл ғана емес, аудандағы алғашқы мешіттердің бірі болды. Ауыл имамы Садық Саудабайұлы кейінгі дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлінің де ризашылығына бөленіп, мәртебесі биіктей түсті. Ол айналадағы Күнбатыс, Қызылсай ауылдарының жұртшылығына да ортақ имам болды. Көптеген жастардың имандылық жолына түсіп, дінге қызмет етуіне жолбасшы ұстаз бола білді. Садық молда атанып күнде ауылдастарын таңғы азанмен оятып, баршаға саушылық тілеп, аруақтарға құран бағыштаудан жалыққан емес. 2009 жылы қасиетті Мекке-Мединеге барып қажылық парызын өтеп келгені бар. Жасы сексеннен асқанға дейін Құранды барынша беріліп шын пейілмен оқитын оны алыс-жақыннан арнайы іздеп келушілер қатары толас таппайтын. Ешқашан адамдық қалыбынан айнымаған ол ауданға танымал, ең бір иманды имамнан саналды. Оның тұрмыстық, салауаттық өмір жолы талайларға үлгі-өнеге болды. Берекесі артында қалған зайыбы, ұл-қыздары, немере, шөберелеріне бұйырсын.

Қырық күндігіне орай жаны пейіште нұрланып, тіршілікте өзі оқыған қисапсыз Құранның сауабы қорғап-қоршап, желеп-жебеп жүрсін, дейміз.

Қаракемер ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.ОРЫНТАЙ, ауыл биі Е.БОЗШАЕВ, ауыл имамы Д.ТАУБАЛДИЕВ, ақсақалдар Е.АЛЫБАЕВ, Ә.СЕЙІЛХАНОВ, К.СЫРЛЫБАЕВ, А.БҰРАЛҚИЕВ, Ә.ТІЛЕУБЕРДИЕВ, Қ.ЕСТЕМЕСОВ т.б. Қаракемер ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.