Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков алдағы жылғы көктемгі дала жұмыстарына байланысты кеңес өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері қатысты.
Соңғы жылдары өңірімізде орын алып жатқан қуаңшылық пен суармалы судың жетіспеушілігі бірқатар суды көп қажет ететін дақылдардан бас тартып, суды аз тұтынатын дақылдарға басымдық беруді талап етуде.
Суармалы судың тапшылығы әсіресе шілде айларында қатты сезіліп, егіннің өнбей қалуына және өнімнің болмауына байланысты шығынға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар өткен жылдары да орын алған. Осыны ескере отырып, аудан басшысы келер жылы негізінен суды аз тұтынатын дақылдарды егу, сондай-ақ су үнемдейтін суару технологияларын кеңінен енгізу бойынша шаруаларға нақты ұсыныстар айтып, түсіндіру жұмыстарын қазірден бастап жүйелі түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.
«Қуаңшылыққа байланысты шығынға батудың алдын алу үшін қазірден дайындық шараларын қолға алуымыз қажет. Шаруаларға, фермерлерге осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су үнемдейтін заманауи суару технологияларын енгізуге ынталандырып, қажет болған жағдайда қолдау көрсетуіміз керек. Өткен жылдар бізге осындай жағдайларға үнемі дайын болу керектігін көрсетті», – деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Жиын барысында аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөліміне, су шаруашылығы саласына және бірқатар мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Аталған тапсырмалардың орындалуын қадағалау аудан әкімі аппаратына жүктелді.