Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, Отар аумағындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты.
Сапар барысында, алдымен Отар ауылындағы №41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектебін аралады. Бұл білім ордасы 1979 жылы салынған, үш қабатты ғимарат. Нұрболат Ақынғалиұлы мектептің оқу-тәрбие үдерісі мен педагогикалық құрамымен танысып, білім сапасын жақсарту мақсатында түрлі ұсыныстар айтты.
Келесі кезекте, Нұрболат Ақынғалиұлы спорттық сауықтыру кешеніне, ауылдық мәдениет үйіне және ауылдық мешітке барды. Спорт кешені ауыл жастарына спортпен айналысуға, мәдениет үйі тұрғындардың рухани дамуына, ал мешіт дін мен мәдениетті ұштастыратын маңызды нысан ретінде қызмет атқарып келеді. Өз кезегінде, нысандардың жұмысын жақсарту туралы пікірлер мен ұсыныстар тыңдалып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік қажеттіліктерін ескеру маңызды екендігі атап көрсетілді.
Одан кейін аудан әкімі орынбасары ауылдық аурухананы аралап, медициналық қызметтердің сапасымен танысты. Аурухана рентген, зертхана, УДЗ бөлмесі, екпе егу, емшара, гинеколог және жалпы тәжірибелік дәрігер бөлмелерімен жабдықталған. Аудан әкімінің орынбасары мекеме қызметкерлерімен, олардың жұмысымен танысып, медициналық қызмет көрсету деңгейін көтеру үшін қандай шаралар қабылдау керектігін талқылады.
Сапар барысында Нұрболат Сатымқұл «Нұр» балалар бақшасына да барды. Балабақша меңгерушісі Айман Еділбаева мекеменің жұмысымен таныстырды. Меңгерушінің айтуынша, бала-бақшада жалпы 70 бала тәрбиеленуде. Бұл – балалардың дамуында маңызды рөл атқаратын мекеме. Нұрболат Ақынғалиұлы балаларға арналған білім беру бағдарламаларын және тәрбиелеу шарттарын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын айтты.
Келесі сапар Кенен ауылдық округіне жалғасты. Әкімнің орынбасары мұнда Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейін және Е.Қашағанов атындағы орта мектепті аралап, мәдениет пен білімнің дамуы туралы пікір алмасты. Бұл нысандар ауданның мәдени мұрасын сақтау мен дамытуда үлкен рөл атқарып отыр.
Сонымен қатар, әлеуметтік нысандардың қызметімен танысу мақсатында аудан әкімінің орынбасары тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстардың тиімділігін көтеру жайында пікірлесіп, жергілікті басқару органдарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеу қажеттілігін атап өтті.
Нұрболат Ақынғалиұлының сапары ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын танып-білуде, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуда және олардың қажеттіліктерін ескеруде үлкен маңызға ие.
Әділет САТЫШЕВ