ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫ ӨСІМ

0

Қордай ауданының әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштері туралы Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Бегзат Болатбеков есеп беріп, тілшілер тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді.

Қордай ауданында 2026 жылдың алғашқы бес айында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң нәтижелер қалыптасты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 25,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 109,8 пайызға орындалды. Инвестиция көлемі 23,5 млрд теңгеге жетіп, 182,4 пайыздық өсім көрсетті. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі 16,3 млрд теңгені құрап, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 22,3 мың шаршы метрге жетті.

Ауданда инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Сарыбұлақ ауылындағы «Благовещенский» суару каналы қайта жаңғыртылып, бірнеше елді мекенде ауыз су желілері жаңартылуда. Қордай ауылында Достық үйінің құрылысы басталып, Үлкен Сұлутөр ауылындағы спорт кешенінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, Қордай ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, республикалық және аудандық маңызы бар бірқатар автожолдар қалпына келтірілуде.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Аудандағы 41 елді мекеннің 36-сы табиғи газбен қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жалпы құны 9,4 млрд теңгені құрайтын 11 ауыз су желісінің құрылысы аяқталды. Жұмыспен қамту шаралары шеңберінде мыңдаған азаматқа қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары арқылы жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Білім беру және өндіріс салаларында да маңызды бастамалар қолға алынған. Қаракемер және Қарасу ауылдарында жаңа мемлекеттік мектептер пайдалануға берілді. Биыл ауданның бес мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Соғанды ауылында салынып жатқан «Шоқпар Гагаринское» алтын өндіру кәсіпорнының құрылысы 40 пайызға аяқталды. Жоба іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындары үшін 500-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Алдағы уақытта да аудан экономикасын дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.