АЛЫП АДАМ ҚОРДАЙДА БОЛДЫ

0

«Бұл күнде 35-те менің жасым,

Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын.

Кешегі сентябрьдің базарында,

Көтердім елу бір пұт кірдің тасын», — деп атақты Балуан Шолақ жырлағандай білек күші ойнаған, атақты палуандарымыздың бүгінде ел ішінде ізбасарлары жетерлік. Жақында Қордайға жол сапарымен атақты алып адам келіп, осындағы азаматтармен кездесіп, біз үшін таңсық келетін спорт туралы әңгіме қозғады.

Айтып отырған алып адамымыздың есімі Нұрлан Көпбергенов. Кір тасын көтеруден бірнеше дүркін әлем чемпионы, 16 рет рекорд жаңартқан құрыш кеуде азамат. Павлодар тумасы кір тасын көтеруден чемпионаттар өткізуді дәстүрге айналдырған Ресейде небір жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп, өзінің алып күшімен талайды таң қалдырған. Жол сапарымен Қордайға келген чемпионмен аздаған сұхбаттасудың да сәті түскен болатын.

Нұрлан аға бүгінде алпыс жасты алқымдаған азамат. Сонысына қарамай әлі де болса талай жасты ауыр салмақ көтеруде шаң қаптырары сөзсіз.

«Кір тасын көтеру спорты нағыз төзімділікке баулитын, күш пен жігерді қамшылайтын іс. Жас күнімнен кез-келген ауыр салмақты еркін көтеріп жүре беретінмін. Оны өзіміз жақтағы аталмыш спорт түрімен айналысатын жаттықтырушылар байқап, кәсіби түрде айналысуға шақырды. Содан бері талай жарыстарға қатыстым. Көптеген рекорд жаңарттым. Бұл спорт түрі Ресейде жақсы дамыған. Осы жылдар аралығында сол елде өткен көптеген жарыстарда мерейім үстем болып, жеңіс туын желбіреттім. Өзіме арнайы жасатқан 101 келілік кір тасын бір қолмен көтеремін. Өзімнің үйдегі коллекциямдағы кір тастарының жалпы салмағы 1,5 тоннаға дейін жетеді», — дейді Нұрлан Көпбергенов.

Сол көрші елде Нұрлан ағаны атақты Иван Поддубныйдың ізбасары деп құрметтейді екен. Соған байланысты олар чемпионға арнайы салмағы 9 келі болатын трость сыйға тартыпты. Өз заманында ондай тростьпен Поддубный да жүріпті. Ал ол сыйлықты Нұрлан аға 12 киле етіп, өзіне лайықтап алған. «Мен оны аяғым ауырғаннан емес жаттығу ретінде күнделікті пайдаланамын», — дейді спортшы.

«Қазақ алыбының жетістігін қайталау былай тұрсын, ол көтерген салмақты бағындырамын деп талпынған адам болған жоқ». Бір жылдары кір тасын көтеру спорты бойынша Ресей мемлекетінің бас жаттықтырушысы болған Николай Шатов Нұрлан Көпжасаровқа осындай баға беріпті.

Алып адамның осыған дейінгі жетістіктеріне аздап тоқтала кетсек болады. Нұрлан Қазбекұлының ең алғашқы жеңісі сонау 1996 жылы болған. Сол кезде Минск қаласында өткен әлем чемпионатында 32 келі тартатын екі кір тасын бір минутта 47 рет көтеріп жеңімпаз атанса, келесі жылы Татарстан астанасында өткен сайыста сол салмақты 48 рет көтерген. Сол жылы Ресейдің Липецк қаласында өткен күштілер фестивалінде 100 келілік штанганы 4 секундта 16 рет жұлқа көтерген азамат. Жылдан жылға тәжірибесі мен күші артқан алып адам көрсеткіштерін дамытып, түрлі рекордтар қойып отырған. 62 келілік кір тасын бір қолмен 6 рет көтеру, 90 келілік кір тасын сол қолмен 2 рет көтеру Нұрлан ағаның алапат күш иесі екенін көрсетеді. 2007 жылы Ресейде өткен Қазақ құрылтайында 52 келілік кір тасын 40 секундта 25 рет көтеріп қандастар абыройын бір асқақтатып тастаған болатын.

Әлі күнге дейін Нұрлан Көпжасаров спорттан қол үзген емес. Атақты спортшының айтуынша, кір тасын көтеру спортын аймақтарда дамытуға күш салу керек. Өйткені, еліміздің әр аймағында қара күш иелері жетерлік.

«Қордайда да небір мықты жігіттер бар. Аталмыш спорт түрімен кәсіби түрде айналысам десе қазір мүмкіндік жетеді. Ең бастысы төзімділік пен талмай жаттығу қажет», — дейді Нұрлан Қазбекұлы.

Ж.Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.