Алыстан хабар алдырған мекен

0

Пошта туралы сөз бола қалса көз алдымызға ауыл ішінде қысы-жазы күннің суығы мен ыстығына, жауын-шашынға қарамай, хаттар мен сәлемдемелерді таратып жүрген жандар елестейді. Бүгін шыдамдылық пен жауапкершілікті, адамдармен тез тіл табысуды талап ететін мамандық бойынша көбіне әйелдер жұмыс істейді. Пошташылардың төл мерекесі қарсаңында біз бір күнге мамандығымызды ауыстырып, пошташы болу қандай екенін көрмекке бел будық.

Бір күн пошташымен бірге жүру оңай болған жоқ. Оған қоса, ауа райы бұзылып, суық жел соғып, жаңбыр басталып кетті. Біз үшін бұл ерекше күн болды, ал пошташы Алена Цыпляева үшін күнделікті жұмыс.
Алдымен пошта қызметкерлерінің жұмыс кестесінің нақты уақыты жоқ екенін ұғындық. Яғни, сағат алты болды, бітті деп үйге қайта бермейсің.
Менің жұмыс күнім сағат 10-да газет пен корреспонденцияны сұрыптаудан басталды. Пошташылар жұмысқа сағат 10.00-ге таман келеді. Содан кейін Алена салмағы 7 келілік ауыр сөмкені асынып, біз велосипедке отырып, жұмысымызды бастадық.
Әр пошташының бекітілген учаскесі бар. Қордайдың бір бірімен қайшыласып жататын көшелерінен нақты адресті табу оңай шаруа емес. Сәлемдемелер ыстық пен суыққа, жауын-шашынға қарамастан уақытында жеткізіліп, арнайы мобильдік қосымшаға енгізілуі тиіс.
Алена пошта жәшіктеріне мерзімдік басылымдарды салып жүр. Қазір интернеттің бар болуына қарамастан қордайлықтар жаңалықтарды газеттен білуді жөн көреді. Пошташының ауыр сөмкесі соның бір дәлелі.
Үй-үйді аралап жүріп, серіктесіммен жұмыс жайында әңгіме өрбіттік. Аленаның айтуынша, пошташының жұмысы көзге оңай болып көрінгенімен нақтысында олай емес. Мәселен, кейде үйде ешкім болмай, ол үйге жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін қайта баруға тура келеді. Адамдар да әртүрлі болады, біреу пошта қызметкерін қуана қарсы алса, кейбірі дөрекі мінез танытуы мүмкін. Ал, пошташыларға қауіп төндіретін олардың ең үлкен жауы – иттер. Кейде үй иелері иттерін байламай, пошташылар олардың құрбанына айналып жатады.
Дегенмен, біздің кейіпкеріміз мойымай, көптен бері күткен сәлемедемесін алған адамдардың қуанышты жүзін көргенде барлық қиындықтарды ұмытып кетеді. Пошта қызметінде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер адресаттарды жеке танып, олардың телефон номерлерін біліп, қоңырау шалып, келісіп жатады. Көшелерді аралап келе жатырмыз, учаскенің ұшы-қиыры жоқ сияқты. Аленаны танымайтыны жоқ, оның келгеніне барлығы қуанып, күні сәтті өтуіне тілектерін жеткізуде. Жұмыс аяқталғанда шынын айтсақ шаршап қалдық. Алена пошта ғимаратына қарай аяғын ширақ басып барады, соңынан сүлдемізді сүйрете ердік.
-Қайта бүгін жұмысты тез аяқтадық, — дейді Алена, ал біз үшін бұл күн бітпестей болып көрінді.
Осымен жұмыс күні аяқталып, қош айтысып сыртқа шықтық. Ертесі күні аяғымыз кросс жүгіргендей ауырып қалыпты. Күн сайын ауыр сөмкені асынып, пошта таратып, мейірімді қалпын сақтап, ақкөңіл болып қалатын Аленаның, жалпы пошташылардың жұмысына тәнті боласың. Олар үшін ауа райы емес, ынта мен жауапкершілік маңызды.
Келесі күні тағы да поштаға қарай жол тарттық… Ендігі мақсат поштадағы өзге қызметкерлердің жұмысымен танысу. Қордай аудандық пошта байланысы торабының басшысы Алмаз Еркебековтың айтуынша, бүгінгі күнге «Қазпошта» АҚ-ның банк қызметін атқаруға лицензиясы бар және аталмыш мекеме несие беру, төлемдерді қабылдау, аудару, теміржол билеттерін сату, жәрдемақы мен зейнетақы беру, ауылшаруашылық өндірушілерге субсидия төлеу сынды қызметтерді атқарады. Сонымен бірге банк карточкаларына тапсырыс беруге болады және мекеменің өз банкоматтары бар.
«Қазіргі таңда тек қана «Қазпошта» АҚ-да ауданның барлық елді мекендерінде филиалдары бар. Біздің құрылым ауылдық жерлерде үлкен әлеуметтік рөл атқарады», — дейді ол. Оның сөзінің дәлелі ретінде біз күту залында аға буын өкілдерінің көптігін байқадық, оларға операторлар қызмет көрсетіп жатты.
«Оператор болып жұмыс істеп келе жатқаныма 2 жылдан асты. Менің міндетіме зейнетақы, жәрдемақы беру, коммуналдық төлем қабылдау, ақша аудару, оның ішінде халықаралық аударымдар, несие беру, валюта алмастыру кіреді. Біз сапалы қызмет көрсетуге, қарт адамдарға көмектесуге тырысамыз. Басшылық тарапынан халыққа қызмет көрсету бойынша қатаң талап қойылады. Біз стандарттарға сай келуге тырысамыз», — дейді №5 касса операторв Назира Абдрахимова. Көп адамдар үшін коммуналдық төлемді поштадан төлеу дәстүрге айналған. Бір ғана қыркүйек айында коммуналдық төлеммен байланысты 13750 операция жасалған.
Электрондық сауда пайда болғалы пошта қызметкерлерінің жұмысы арта түсті. Қордайлықтар отандық және шетел интернет-сайттарынан тапсырыс беріп, олар аудандық пошта торабына келіп түседі. Бұл клиенттерге қызмет көрсету бойынша қосымша жауапкершілік. Мәселен, қыркүйек айында аудандық поштаға 5341 әртүрлі жөнелтілім түрлері түскен.
Бүгінгі күнге аудандық пошта торабында 107 адам қызмет етеді. Бұл мекеменің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өз дәстүрлері бар. Алмас Еркебековтың айтуынша, кәсіби мереке сала ардагерлерімен бірге аталып өтеді.
Пошта қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, бақыт пен отбасылық амандық тілейміз, жұмыстарыңыздың жемісін көріңіздер.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.