«Амал келді – Жыл келді»

0

Биыл әз Наурыз мерекесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен еліміздің барлық өңірінде жаңа форматта өтуде. Күні кеше 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі жарияланып, мерекенің бірегей логотипі де бекітілді.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау 14 наурыз – Көрісу күнінен басталды. Наурыз мейрамының басы саналатын бұл күнді «Амал мерекесі» деп те атайды. Бұл күнді қордайлықтар да сән-салтанатымен атап өтті. Қазақтың салт-дәстүрін өскелең ұрпаққа, жастарға насихат ету мақсатында Орталық саябаққа жиналған аудан өнерпаздары қазақи нақышта киініп, қолдарына ұлттық аспаптарды алып ән айтып, күй шертті. Ал, шапан киген ақсақалдар және кимешек киген әжелер мерекеге ерекше көрік сыйлады.

Бұл күні дәстүрлі ойындар ойналып, көпшілікке ұлттық тағамдардың түр-түрі ұсынылды. Орталық саябаққа жиналған жастар қауымы ерекше қойылымды тамашалап болған соң, ұлттық киім киген жандармен суретке түсуге асықты.

Дәстүр бойынша бұл күні халық қыстан аман шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-қолаңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Осыған орай театрландырылған қойылым қойылып, екі ауыл жұртының көрісуі бейнеленді. Керемет қойылым концерттік бағдарламамен жалғасып, мерекеге жиналған қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Аудандық Мәдениет үйіне қарасты барлық мәдениет мекемелерінде мереке ерекше атап өтілгенін де қосып айту керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.