Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл толып отыр. Жарияланбаған соғысқа қатысып, жат жерде жанқиярлық ерлік көрсеткен интернационалист жауынгерлер қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Елден жырақта ерлікпен қаза болып, туған жердің топырағы бұйырмағаны қаншама. Ал, елге аман оралғандары бүгінде елуді еңсерген азматтар. Ал, оларға деген құрмет әркез артпаса кемімек емес.
15 ақпан күні Қордай ауылының орталық алаңында осы бір даталы күнге орай жиын өткен болатын. Кеудесінде медальдары толы, көздерінде сонау жылдардың ұшқыны көрінетін ауған соғысы ардагерлері жыл сайын осы орында қаруаластарын еске алады. Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына байланысты патриоттық шараға аудан әкімінің орынбасары Мырзағали Күзербаев, аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов және құқық қорғау органдары, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімінің ыстық ықыласын жеткізген Мырзағали Ыстыбайұлы сөз алып, айтулы датаның күнтізбеде орны ерекше екенін атап өтті.Осыдан кейін, сөз алған аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымы төрағасы Дәулет Қырғызбаев отты жылдары еске алып, еліміздің болашағы жастарға жігер беріп, енді ешқашан мұндай соғыс болмауын тіледі. Ауған ардагерлері саябақтағы ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, майданда ажал құшқан қарулас достарын еске алды. Бір минуттық үнсіздіктен соң жиналғандар сол бір жантүршігерлік майдан туралы естеліктерімен бөлісті.
Аудан орталығында Ауған соғысы ардагерлерінің атындағы ескертіш бар. Жыл сайын ақпанның 15-де Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай сол зұлмат күндердің куәгерлері бас қосып, мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қояды. Биыл да ардагерлер сол жерден табылды. Айтулы іс-шарадан кейін, аудан әкімі Рүстем Дәулет Ауған соғысының ардагерлерін қабылдап, кездесу өткізді. Онда барлық ардагерлерге құрмет көрсетіліп, аудан басшысы жылы лебізін білдірді.