Ел игілігі үшін атқарылған жұмыс – өңір жетістігі

0

 «Мемлекет басшысы Жолдауларында өңірлердің тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде айқындап келеді. Жақында мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, аймақта атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырдым. Президент өңірдегі халықтың әл-ауқатын арттыруды, инфрақұрылым жүйесін жаңғыртуды тапсырды. Мемлекет басшысы тапсырған жұмыстар облыста жоспарлы жүзеге асырылуда. Осы ретте бүгінгі күні Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына да ерекше көңіл бөлінген. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жаңа қарқынмен жалғасын табатын болады», деген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданында аудан тұрғындарымен жүздесе отырып, олар көтерген маңызды мәселелерді бірге талқылады. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, халықпен жүздескен облыс әкімі бірде-бір мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Алдымен облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылған жұмыстар жайлы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес облыста жоспарланған және атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.

– Жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесе отырып, жүйелі түрде жүзеге асырылады. Осы орайда, облыста атқарылып жатқан негізгі жұмыстарға қысқаша тоқталып өтсем. Облыстың жалпы өңірлік өнімі алдын ала мәлімет бойынша 4,9 пайызға өсті. Осы жылдың 5 айында экономиканың барлық негізгі салаларында өсім бар. Атап айтар болсақ, жыл басынан экономикалық өсімі 15,2 пайыз деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 17,9 пайызды құрады. Ал құрылыс жұмыстары 22,8 пайызға, байланыс саласы 4,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 2,5 пайызға, көлік саласы 13,3 пайызға, сауда айналымы 3,9 пайызға артып отыр. Бұдан бөлек, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға биыл облыстық бюджеттен 32,6 миллиард теңге субсидия бөлінді. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемі 65,1 миллиард теңгені құраса, өсімдік шаруашылығында 665,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Егіс алқаптарын ылғалдандыру бойынша облыста 2019-2025 жылдар аралығында халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен жалпы ұзындығы 780,3 шақырымды құрайтын 195 канал жөнделіп, 46 тік дренажды ұңғыма бұрғыланған. Нәтижесінде 55,1 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын суармалы сумен қамтамасыз ету деңгейі артып отыр.

Ендігі кезекте 2026-2028 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 1298 шақырымды құрайтын 236 каналды қайта жаңғырту жоспарлануда, 71 канал бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, іске асырылуда. Ал мал шаруашылығында ет өндірісі (тірі салмақта) – 1,9 пайызға, сүт – 1,8 пайызға, жұмыртқа 35,7 пайызға артқан. «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл 380-нен астам жобаны қаржыландыруға 7 миллиард теңге бөлу көзделуде. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі – 29,1 пайызды құрайды. Осы жылы 23,6 миллиард теңгеге 425 жобаға мемлекеттік қолдау көрсету көзделуде. Сондай-ақ, 1,4 миллиард теңгеге 820 мемлекеттік грант беру жоспарлануда.

Осы және басқа мәліметтерді келтіре отырып, аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев осы жылдың 5 айында Қордай ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің басым бөлігінде оң динамика қалыптасып отырғанын атап өтті.

– Аудандағы аталған өсімге инвестициялық белсенділіктің жоғарылауы, құрылыс саласының қарқынды дамуы және агроөнеркәсіптік кешендегі тұрақты өндіріс көлемі негізгі әсерін тигізуде. Мәселен, өңірде негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 23,5 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 182,4 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш аудан экономикасына тартылып жатқан инвестициялық жобалардың кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын және инвесторлардың ауданға деген қызығушылығының сақталып отырғанын көрсетуде, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жалпы осы жылдың 5 айында Қордайда өнеркәсіп өнімі 25,2 миллиард теңгені құраса, ауданға салынған инвестиция 23,5 миллиард теңгеге жеткен. Құрылыс көлемі 16,3 миллиард теңгені құраса, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 22,3 мың шаршы метрді құрап отыр. Ал бөлшек сауда айналымының көлемі 19,9 миллиард теңгеге жетсе, көтерме сауда айналымының көлемі 12,7 миллиард теңге болған. Ауыл шаруашылығы өнімі 11,7 миллиард теңгені құрап, өңірде 5 айдағы бюджет қаражаттарының игерілуі 99,9 пайызға жеткен.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстағы 357 елді мекен 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 284 елді мекен (79,5 пайыз) көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі 91,8 пайызға жеткен. Ал Қордай аудандағы 41 елді мекеннің 36-ы газбен қамтылып, тұрғындардың көгілдір отынды тұтынуы 87,7 пайыз болса, сапалы ауыз сумен қамту бойынша аудан әкімдігі тарапынан 9,4 миллиард теңгеге 11 ауыз су желісінің құрылысы аяқталған. Осы және басқа салалар бойынша тиісті жұмыстар құрылыс талаптарына сәйкес атқарылып жатқаны айтылды.

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасымен берілген Қордай ауылындағы Достық үйінің құрылысы бастау алды. Үлкен Сұлутөр ауылындағы спорт кешенінің құрылысы жыл соңына аяқталып, қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, Қордай ауылындағы орталық стадионының қайта жаңғырту жұмыстары 80 пайызға аяқталып, қыркүйек айының 1-не аудан тұрғындарына табыстау жоспарланып отыр. Ал республикалық маңызы бар «Қарасу-Масаншы-Сортөбе» жолы мен аудандық маңызы бар «Қаракемер-Керу», Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 ауылдарына кіреберіс автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Қаракемер, Қарасу ауылдарында заманауи талаптарға сай 300 орындық 2 мемлекеттік мектеп қолданысқа беріліп жұмысын бастады. Ағымдағы жылы, білім саласында 5 жоба іске асырылуда» – деп Ербол Қарашөкеев өңір тұрғындары тарапынан бұдан бұрынғы кездесуде көтерілген мәселелердің атқарылу барысын баяндап өтті.

Ербол Шырақпайұлы сұрақ-жауап бөлімінде маңызды мәселелерді көтеруді, ал жеке мазмұндағы сұратқы жеке қабылдауда қоюды ұсынды.

Бірінші болып аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабаев сөз алды. «Жаңа сіз облыс пен Қордай ауданында атқарылған жұмыстардың көрсеткішіне тоқталдыңыз. Біз өз тарапымыздан ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды көріп отырмыз. Оған өзіңіз де оң бағасын беріп жатырсыз. Дегенмен мен Қордай ауылындағы БатысШығыс шағыс ауданының мәселесін көтергелі отырмын. Бұл шағын ауданда кәріз жүйесі жоқ. Сол жүйені жүргізуге қолдау көрсетсеңіз. Шағын ауданда тұратын төрт мың адамның атынан сөйлеп отырмын», деді ол.

Денсаулық саласының ардагері Біржан Әбдікерімұлы аудандық аурухананың тар, ыңғайластырылған ғимаратта отырғанын айтып, жаңа ғимарат салып берсе деген тілегін жеткізді. Бұдан бөлек кездесу барысында аудан тұрғындары балаларға арналған жазғы лагер салу, Керу жолын жөндеу, көгілдір отынмен қамтылмаған төрт елді мекенге газ тарту, таза ауыз су, жол кептелісін жою сынды мәселелерді көтерді. Сұрақ берушілер алдағы уақытта бұл мәселелер оң шешімін табатынына сенім білдіріп, аймақта атқарылған жұмыс барысына оң бағаларын берді.

Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев аудан тұрғындарының сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, барлық сауалдарына жауап берді. Кейбір сұрақтарға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков жауап беріп өтті.

Жиын барысында өңір басшысы аудан тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныстар орынды екенін, назарға алынатынын атап өтті.

Кездесуден кейін облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.