Газетіміздің өткен санында аудандық ардагерлер ұйымының тұрғындарға жасаған үндеуін берген болатынбыз. Онда қадірменді қариялар екпе алып, қалыпты өмірге оралу үшін азаматтарды белсенділік танытуға шақырған болатын.
Сөзден іске көшкен бір топ ардагерлер өткен жұма күні аудандық орталық ауруханаға барып, «Спутник V» вакцинасын салдыртты.
«Осы арқылы біздер жалпыхалықтық екпе салу ісіне өз үлесімізді қосып, өзгелерді осыған шақырудамыз. Бұл індетке тосқауыл болатын жалғыз жол екеніне талай пандемияны бастан кешкен тарихымыз куә. Ал, қазіргі медицинаның дамуы, ғылымның ілгерілеуі кезінде вакцина қауіпсіздігіне күмән келтіру тым артық», — дейді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әлімбет.
Ардагерлер вакцина салдырған соң, жарты сағаттай дәрігерлердің бақылауында болып, одан кейін үйлеріне қайтты. Ел ағаларының бұл ісі көпке үлгі болады деп ойлаймыз.