АРДАГЕРЛЕР ТАРТЫСТЫ ОЙЫН КӨРСЕТТІ

0

Адамның жасы спортпен шұғылдануға еш кедергі емес. Бейсенбі күні аудан ардагерлері арасында өткен дәстүрлі спартакиада осының айғағы. Жетпісінде желдей ұшып, допты құлаштай ұрған қарияларға қарап спортқа деген құлшынысың арта түседі.

Ұлы Жеңістің 78 жылдығына және ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына орай ұйымдастырылған аудандық турнирге барлық ауылдық округтердің ардагерлері шақырылып, қатысушылар спорттың 9 түрінен — волейбол, бильярд, теннис, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, дартс, асық ату, ләңгі тебуден бақ сынасты.
Спартакиаданың ашылу салтанатына қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет жыл сайын өткізілетін спорттық шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал аудандық спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Марат салауатты өмір салтын сақтап жүрген ақсақалдарға ризашылығын жеткізе келе, мұндай спорттық шаралардың жастарға жігер беретінін айтты.
Бас төреші қатысушыларды жарыс ережесімен таныстырған соң, әр команда сайысқа түсетін спорт түрі бойынша орындарына жайғасты. Спортты серік еткен ақжаулықты әжелер мен қазыналы ақсақалдар бәсекеге толы, тартысты ойын ойнады. Спорттық бәсекеде аудан ақсақалдары физикалық дайындықтарының жоғары екендіктерін дәлелдеумен қатар, өзара татулық пен бірліктің үлгісін көрсетті. Спартакиаданың нәтижесі бойынша бильярдтан М.Щимаров 1-орын, Ә.Нартбаев 2-орын, С.Ілиясов 3-орынды иеленді. Ерлер арасында үстел теннисінен 1-орынға Э.Бейшанло, 2-орынға Қ.Жетігенов, 3-орынға А.Дегтяров жайғасса, әйелдер арасында өткен үстел теннисінен Р.Жолдыбаев жүлделі 1-орынды, Г.Досымқұлова 2-орынды, Л.Калашникова 3-орынды жеңіп алды. Ерлер арасындағы шахматтан 1-орынды В.Тегаев, 2-орынды Б.Мальсагов, 3-орынды М.Маджин иеленсе, әйелдер арасындағы шахматтан 1-орынды Р.Сатова, 2-орынды А.Сейдуалиева жеңіп алды. Ал ләңгіден I орын М.Джортбасовқа, II орын Т.Оспаналиевке, II орын А.Токчаковқа бұйырды. Ерлер арасында өткен дойбы ойнаудан Н.Гүлсариев 1-орынды, А.Амирқұлов 2-орынды, К.Сұлтан 3-орынды алса, әйелдер арасындағы дойбы жарысынан А.Бигазиева 1-орынға, С.Қыстаубаева 2-орынға, С.Жаналинова 3-орынға жайғасты.
Ерлер арасында өткен тоғызқұмалақ жарысынан Н.Өмірзақов 1-орынды, Т.Мұсаханов 2-орынды, Ж.Арзыханов 3-орынды иеленсе, әйелдер арасындағы тоғызқұмалақтан Д.Дауткулова 1-орынды иеленіп жеңіске жетті. Ал тартысқа толы дартс ойынынан ерлер арасында М.Джекипсеитов 1-орынға, А.Бегалиев 2-орынға, Ж.Кенебаев 3-орынға жайғасса, әйелдер арасында Ш.Карипкулова 1-орын, Қ.Азимбаева 2-орын, М. Алмежанова 3-орыннан көрінді. Ал қазақтың ұлттық ойыны асық атудан Қ.Батыров басқалардан озық шығып, жүлделі 1-орынды жеңді.
Волейболдан Масанчи ауылының командасы I орынды, Қордай ауылының командасы II орынды, Қаракемер ауылының командасы III орынды иеленді. Сондай-ақ, өзге де спорт түрлері бойынша жеңімпаздар анықталды. Ал жалпы командалық есепке келер болсақ, Қордай ауылы басқалардан оза шауып, жүлделі 1-орынға жайғасса, 2-орынды Масаншы ауылы, 3-орынды Қаракемер ауылы иеленді. Барлық қатысушылар шара соңында арнайы дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.