АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ

0

Қасық ауылдық округіне қарасты, Әлжан ана ауылдық тарихи музейінде №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.

Іс-шараның мақсаты – атаулы күннің тарихи маңызын насихаттау, Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің ерлігін ұлықтау, жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім, адамгершілік қасиет пен елжандылық рухын сіңіру.

Кеш барысында «Ауған соғысы: отқа оранған 10 жыл!» тақырыбында слайд көрсетіліп, соғыстың ауыр жылдары баяндалды. Ауған жерінде қаза тапқан боздақтар мен бүгінде өмірден озған ардагерлердің рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ, Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан және өмірден озған жерлестеріміз – Қайрат Елеусізов, Абас Шубаев, Рашид Мырзаханов, Мұратбек Анарбековтердің есімдері құрметпен аталды.

Кездесуге Ауған соғысының ардагері Исан Ильясов қатысып, оқушыларға естеліктерін айтып, бейбіт өмірдің қадірін түсінуге үндеді.

Ардагердің тағылымды әңгімесі жас буынға үлкен ой саларлықтай әсер қалдырды.

Атаулы күнге байланысты алғысөз Әлжан ана ауылы тарихи музейінің меңгерушісі Абзал Есқараев және музей қызметкері Болат Маралбаевқа берілді.

Сонымен қатар, Әлжан ана ауылы мәдениет үйінің қызметкері Ерлан Бурбаев арнау өлеңін оқып, кештің мазмұнын аша түсті.

Еске алу шарасында ауылдық мектептің 11 «А» сынып оқушысы Арман Маметов «Адай» күйін орындаса, «Домбыра дастан» үйірмесінің оқушылары «Ерке сылқым» күйін тарту етті.

Ал музей қызметкері Алишер Аяпберген «Ауған жаңғырығы» атты арнау өлеңін оқыды.

Ардагерлерді еске алуға арналған кеш – өткенге тағзым, ерлікке құрмет, жас ұрпаққа өнеге болған тағылымды шара ретінде өтті. Ардагерлер ерлігі – ел жадында мәңгі сақталады.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.