«АРХИВ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ ҰРПАҚ»

0

21 қыркүйек күні Қордай аудандық мемлекеттік архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында ашық есік күні өтті. Шараға Қордай ауылшаруашылық колледжінің студенттері келіп, ауданымыздың тарихына арналған тақырыптық көрмені тамашалап, архившілердің жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

 

Білімгерлерді құшақ жая қарсы алған Қордай аудандық мемлекеттік архивінің директоры Қатира Увалиева,  ең алдымен,  жастарға бұл шараның мақсатын түсіндіріп, мән-маңызына тоқталды. – Бүгінгі ашық есік күні еліміздің барлық аймақтарында бір уақытта ұйымдастырылуда. Мұндағы мақсат – жастарды архив ісімен таныстыру, қорда сақталған түрлі материалдар арқылы олардың отансүйгіштігін арттыру, таным көкжиегін кеңейту. Жалпы әр мемлекеттің дамуы, тарихы барлығы осы архивпен тікелей байланысты. Өйткені, архив – бұл тұнған тарих,-деді Қатира Құрманғалиқызы.

Осыдан кейін архивші Шынар Байниязова көрмеге қойылған әр құжаттың тарихымен таныстырып, қызықты деректер ұсынды. Мұнда Қордай ауданының Құрметті азаматтарының жеке тектік құжаттары, өлкеміздің тарихы жайлы құнды құжаттар, АХАТ бөлімінің 1930-1932 жылдардағы акт жазбалары, латын, араб, төте жазумен жазылған 1933 жылдан бергі бұйрықтар қойылыпты.

Сондай-ақ, ашық есік күніне келгендер архив ісінің ерекшеліктері мен басты бағыттары туралы да мәлімет алып, мекеменің ішін аралап, онда сақтаулы тұрған құжаттарды өз көздерімен көріп, мекеме қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Айта кетейік, бүгінде аудандық архив екі қабатты жаңа ғимаратқа көшуде. Студенттер шара барысында осы жаңа ғимаратты да аралап көрді. Қазір мұнда архившілер планетарлық сканердің көмегімен құжаттарды цифрландыру жұмысын атқаруда.

–       Ашық есік күнінен ерекше әсер алдық. Ауданымызға еңбегі сіңген азаматтар, өлке шежіресі туралы көп мәлімет білдік. Сонымен қатар архив ісі жайында жақынырақ танысып, бұл саланың үлкен жауапкершілікті әрі табандылықты талап ететін күрделі сала екендігіне көзіміз жетті, — дейді Қордай ауылшаруашылық колледжінің 4-курс студенті Диана Қабылжан.

Сәуле Мұхадинқызы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.