АСА ҚАУІПТІ ИНФЕКЦИЯНЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Ветеринария саласын жетілдіру қажет. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деген болатын.

Республикамыздың аумағында қазір сібір жарасы бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлап тұр. Ветеринария саласы мамандарына күш түсіп тұрғаны анық. Осыған байланысты аудан әкімі Бегзат Болатбеков бірқатар сала мамандарымен бірге аудан бойынша сібір жарасы ошақтарының орындарымен танысып, қазіргі жағдайын өз көзімен көрді.

Аса қауіпті инфекцияның алдын алу үшін жұмыстар аудан бойынша қолға алынған болатын. Сол жұмыстардың да нәтижесін көрген аудан басшысы аудандық ветстанция қызметі, ветеринарлық инспекция бөлімдері, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарына, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

«Аудан бойынша 41 елді мекен маңындағы барлық сібір жарасы ошақтарының орындарын арнайы барып көріп, жағдайымен танысып, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі барларды анықтау керек. Аудан көлемінде аурудың алдын алу жолдарын қарастыруда немқұрайдылық танытпауымыз қажет. Халық денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Осыны әрдайым  есте ұстағанымыз абзал», — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Еске сала кетсек, сібір жарасы – жануарлардың (ірі және ұсақ мал, жылқы, шошқа, т.б.) және адам өліміне әкелетін өте жоғары қауіпті жұқпалы ауруларының бірі. Сібір жарасының қоздырғышы сыртқы ортада тұрақты. Ол ғасырлар бойы топырақта сақталады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.