АТҚАРЫЛҒАН ІС АЗ ЕМЕС

0

Осы аптада аудандық ардагерлер кеңесінің пленум отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, кеңес және пленум мүшелері, ауылдық округтер бойынша төрағалар, әкелер, аналар кеңестерінің басшылары және өзге де азаматтар қатысты.

Жиын басында Қордай ауданының «Құрметті азаматы», Степной ауылының Биі, ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің мүшесі Аманқан Рысымбетов  75 жас толуына байланысты Қордай ауданының «Құрметті ардагері» төс белгісімен марапатталды. Төсбелгіні Дамира Маратқызы ұсынса, Нұрдин Садықов пен Біржан Әлімбет қазақи дәстүрге сай иығына шапан жауып, құрметтеді.

Осыдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы 2023 жылы атқарылған жұмыстар бойынша ауқымды баяндама оқыды. Өз сөзінде Біржан Әбдікерімұлы қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген қарияларды атап өтіп, көпке үлгі екенін жеткізді. Сонымен қатар, облыстық спартакиадада жақсы өнер көрсеткен ардагерлерді де мақтады. Баяндамасында Біржан Әлімбет ел мен ес, ұлт пен ұят, дәстүр мен салт, тәрбие мен тағылым, ынсап пен ысырап туралы әңгіме қозғады. Сонымен қатар, ел ішінде іріткі салып, ауызбіршілік пен ынтымаққа кері әсерін тигізетін, қоғамда қалыптасып отырған кейбір үрдістерге тосқауыл қою, халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу қариялардың міндеті екенін атап өтті.

Осыдан кейін жарыссөзге Әлжан ана ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайсанбек Әбдіматов, Билер кеңесінің төрағасы Сейсембай Сайбиров, аудандық «Аналар алқасы» кеңесінің төрайымы Роза Қағазбай және аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы орынбасары Дүкенбай Сегізбаев шығып, баяндама жасады.

Сондай-ақ пленумда аудан әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының м.а. Лязат Мінісқұлова және аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары м.а. Мира Балпукова ардагерлердің тұрмыс жағдайын, оларға қызмет көрсетудің мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа түрлерін жақсартуға бағытталған жұмыстары туралы мәселелерді баяндап берді.

Жиында облыстық Пленум мүшелерінің орнына жаңадан Пленум мүшелерін сайлау, 2024 жылғы жұмыс жоспарын, Пленум мүшелерін, кеңес мүшелерін, Президиум мүшелерін бекіту сынды мәселелер шешілген соң, 2023 жылғы атқарған жұмыстарына бағалау қорытындысы жарияланды. Осы орайда III орын Қордай а/о бастауыш ардагерлер кеңесі (төрағасы Сейілханов Әбдібек) және Үлкен Сұлутөр а/о бастауыш ардагерлер кеңесі (төрағасы Садвақасов Төлеулі), II орын Әлжан ана а/о бастауыш ардагерлер кеңесі (төрағасы Әбдіматов Жайсанбек) және Ноғайбай а/о бастауыш ардагерлер кеңесі (төрағасы Бөлекбаев Ахан ), ал I орын Ауқатты а/о бастауыш ардагерлер кеңесі (төрағасы Семжанов Әділбай) және Степной а/о бастауыш ардагерлер кеңесі (төрағасы Ибрагимов Аршатқа бұйырды. Оларға арнайы грамота ұсынылды.

Айта кетейік, Қордай аудандық ардагерлер кеңесі жуырда өткен облыстық ардагерлер кеңесінің пленумында 2023 жылдың қорытындысы бойынша аудандар арасында жүлделі  3 орынды иеленіп, Дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.