21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл – сахна төрінде жарық шамының астында жарқырап өнер көрсететін әртістердің төл мерекесі. Сонымен бірге сол тамаша қойылымдардың шымылдық артындағы көрінбейтін майдангерлерінің де кәсіби мерекесі. Көрермен көз айымына айналған кез келген концерттің, халықтық театр қойылымының сәнді де салтанатты шығуы тікелей сахналық костюмге байланысты. Мәдениет саласында костюм дайындаушы шеберді костюмер дейді. Осы бір костюм үшін жанқиярлық еңбектің шынайы үлгісін көрсетіп жүрген жан — Қордай аудандық Мәдениет үйінің костюм бөлімінің жетекшісі РОЗА МАҚСҰТҚЫЗЫ ТҰРСЫНБАЕВА.
Ауданымыздың мәдениет саласында Роза Мақсұтқызының орны ерекше әрі бөлек. Ол — бүкіл Қордай өңіріндегі жалғыз костюмер. 2009 жылдан бастап осы уақытқа дейін, яғни 17 жылға жуық уақыт бойы бір орында тапжылмай, үздіксіз еңбек етіп келеді. Тұтас бір ауданның мәдениет ошағындағы мыңдаған киімге жалғыз өзі иелік ету, оларды реттеп отыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін қажырлылықты талап етері сөзсіз. Оның қолынан өткен әрбір сахналық киім өнерпаздардың ажарын ашып, кейіпкердің мінезін дөп басып тануға септігін тигізіп келеді.
«МЕН ҮШІН ӘР ТҮЙМЕГЕ ДЕЙІН МАҢЫЗДЫ…»
Мәдениет үйінің базасындағы сан мыңдаған сахналық киімдердің (ұлттық киімдер, заманауи көйлектер, тарихи плащтар мен би ансамбльдерінің костюмдері) барлығы Роза Мақсұтқызының жанашырлығы мен кәсіби қамқорлығының арқасында бүлінбей, алғашқы күнгідей сақталып тұр. Киім сақтаудың халықаралық стандарттарын — температуралық режимді, ылғалдылықты, матаның түр-түріне қарай күтім жасау ережелерін бұлжытпай орындайтын кейіпкеріміз өз жұмысына асқан ыждахаттылықпен әрі жауапкершілікпен қарайды.
-Көпшілікке бұл жай ғана мата кесіндісі немесе қарапайым киім болып көрінуі мүмкін. Бірақ мен үшін әр түймеге дейін маңызды. Әр детальдің артында үлкен еңбек, сахналық образ және біздің мәдениетіміздің тарихы тұр. Бір ілгек үзілсе, сахнадағы әртісттің сенімділігі сейіледі,– дейді Роза Мақсұтқызы ағынан жарылып. Расында костюмер үшін ұсақ-түйек ештеңе жоқ. Әрбір моншақ, әр ою, кішкентай зер мен бүрме де оның назарынан тыс қалмайды.
ШЫМЫЛДЫҚ ЖАБЫЛҒАНДА БАСТАЛАТЫН ЖАУАПТЫ ЖҰМЫС
Көпшілік концерт біткен соң тарқасып, артисттер қошеметке бөленіп мәре-сәре болып жатқанда, Роза Мақсұтқызының нағыз қызу жұмысы басталады. Ол сахнадан келген әр киімді мұқият тексеріп, сұрыптайды. Қай жері сөгілді, қай жеріне дақ тиді — бәрін жіпке тізгендей анықтап, жуу, үтіктеу процесіне кіріседі. Егер матасы бүлінген немесе тозған жері болса, бірден реставрация жасап, қалпына келтіріп отырады. Ісмер Роза апайдың он саусағынан өнер тамған алтын қолынан шыққан ескі киімдердің өзіне екінші өмір сыйлап, гардеробы байып отырады. Жылдар бойы сахнадан түспеген костюмдердің әлі күнге дейін жаңадай жарқырап тұруы — осы шеберлікпен тынымсыз еңбектің жемісі.
Концерт барысындағы абыр-сабыр сәттерде Роза Мақсұтқызының сабырлығы мен жылдамдығы талай рет қиын жағдайлардан құтқарып қалған. Әртістердің бірнеше секунд ішінде киім ауыстырып үлгеруі, олардың сахнаға мінсіз образда, еш мінсіз шығуын қадағалау — тікелей осы кісінің мойнында. Ол тек костюмер емес, әр өнерпаздың бабын табатын психолог, киім үлгісін үйлестіретін стилист әрі мәдениет үйінің ұжымы үшін сыйлы.
Ұжымдастары Роза Мақсұтқызын «Мәдениет үйінің көрінбейтін қазынасы» деп атайды. Өз ісіне деген адалдық пен мамандыққа деген шексіз махаббаттың жарқын үлгісін көрсетіп жүрген жанның еңбегі еленуге тиіс.
Аудандық мәдениет үйінің көркі мен сәнін сақтап, өңір өнерінің өркендеуіне үнсіз ғана зор үлес қосып жүрген Роза Тұрсынбаеваны кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Сахна сәнін еселеп, мәдениеттің алтын қорын көздің қарашығындай сақтап жүрген еңбегіңіз жана берсін, Роза ханым! Жанашырлығыңыз бен жылылығыңыз сөнбесін!