АТА ЗАҢДЫ АРДАҚТАУ – БОЛАШАҚҚА БАТЫЛ ҚАДАМ

0

Конституция – ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асырып, мерейін тасытатын,  адамның құқықтары мен бостандығының сақталуының сенімді кепілі, сондай-ақ мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді бастауы екені рас. Ата Заңымыз ардақталатын осы күн Қордай ауданында да ерекше сән салтанатпен өтті.

Аудандық Мәдениет үйінің сахнасына алдымен әскерилер ҚР мемлекеттік Туы және Ата Заң кітабын алып шығып, жиналған қауым қолын кеудесіне қойып тұрып Әнұранды бірге шырқады. Осыдан кейін сахна төрінде аудан әкімі Бегзат Болатбеков көпшілікті айтулы күнмен құттықтады.

-Конституция – заң үстемдігінің берік орнап, қоғамның ілгері дамуына қызмет ететін айрықша құжат. Ата заңды ардақтау – болашаққа батыл қадам басқан егемен еліміздегі әрбір азаматтың асыл парызы. Олай болса, демократиялық құндылықтарды бекітіп, құқықтық тұғырымызды берік орнықтырып берген Ата Заңымызды әрқашан да қастерлеу, құрметтеу, оны насихаттау басты парызымыз болуы тиіс. Барша қордайлықтардың отбасыларына амандық, зор денсаулық, елімізге бейбітшілік пен тыныштық, ауызбіршілік тілеймін, — деген Бегзат Сейсенқұлұлы еңбегімен еленіп жүрген бірқатар қордайлықтарға марапат ұсынып, сый-сияпат жасады.

Қордайлықтарды мерекемен құттықтап, құрметін жеткізген аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов та марапаттау рәсімін өткізді. Осыдан соң патриоттық әнге толы қордайлық өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.