АУДАН ӘКІМІ ҚОРДАЙ АУЫЛЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

0

29 желтоқсан күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков Қордай ауылындағы бірқатар мекемелердің және құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Алдымен Қордай ауылындағы «Саяхат» демалыс орнын көрген аудан басшысына аталмыш орында қордайлықтардың демалыс күндерін өткізуге жасалып жатқан шаралар жайында айтылды.
Осыдан кейін аудан әкімі уақытша сақтау қоймасына барып, оның бүгіні турасында аудандық мелекеттік кірістер басқармасының басшысы Абусейіт Ажмаханов таныстырды. Осыдан соң Бегзат Сейсенқұлұлы Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорынына қарасты айып тұрақты көріп шықты. Аудан басшысы осы сапары барысында Қордайдағы құрылыс нысандарына да аса мән берді. Жібек жолы көшесінде орналасқан 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысын көрген аудан басшысына құрылыс қарқыны туралы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеев түсініктеме берді. Келесі кезекте Б.Болатбеков қарт жандарға қамқор болып отырған №7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының жұмысымен танысып, одан соң Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы және аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының жұмысын көрді.

Мекеме басшыларының жұмыс барысы туралы түсініктемелерін тыңдап, өзінің бірқатар ұсыныстарын да айтты. Осыдан кейін аудан әкімі халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Жақын арада жаңа ғимаратқа көшу жоспары бар орталық жұмысына сәттілік айтылды. Содан кейін ауданның тарихын түгендеп отырған архивтің жаңа ғимаратының құрылысымен танысып, мамандармен жүздесті. Келесі кезекте Цемзауыт ықшам ауданына жол тартқан Бегзат Болатбеков сол маңда ашылатын демалыс орны, ауылдық мәдениет үйі мен мектеп, «Ақмаржан» балабақшаларында болып, жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрған көпірдің жағдайымен танысып, салынып жатқан көп қабатты үйлерге барды. Мамандармен сол маңда бірқатар мәселелерді талдаған аудан басшысы бірқатар ұсыныстар мен ескертулер берді. Содан кейін аудан орталығында орналасқан ветеринариялық қызмет мекемесінің жұмысын көріп, келесі кезекте орталық ауруханаға барып аудан тұрғындарына медициналық қызмет ұсынып отырған мекеменің бүгінімен танысты. Осыдан кейін аудан басшысы «Батыс» ықшам ауданында бой көтеріп жатқан жаңа полиция бөлімі және халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының қазіргі қарқынымен танысып, сол ауданда салынып жатқан көп қабатты үйлерге барып, мамандармен сөйлесті.
Ал, 30 желтоқсан күні аудан әкімі Қордайдағы барлық мектептер мен мемлекеттік балабақшаларға, жалпы білім беру мекемелерін аралады. Сондай-ақ, Бегзат Сейсенқұлұлының назарынан аудандық өрт сөндіру қызметінің жаңа ғимаратының құрылысы, «Болашақ» ы/а спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысы, аталмыш ықшам ауданында бой көтерген 2 пәтерлі тұрғын үйлер де тыс қалған жоқ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.