АУДАН ӘКІМІ МӘДЕН МҰСАЕВТЫҢ 16 ЖЕЛТОҚСАН — ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті жерлестер! Қадірменді қауым!
Тәуелсіздік ел болашағы жолында өз өмірін тәуекел еткен ұлттың ғана бағына бұйырады. Сондықтан да әр ұлт, әр халық үшін тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ. Тәуелсіздік – ел мен жердің, халықтың баға жетпес байлығы. Осыдан 31 жыл бұрын, 16 желтоқсан күні еліміз дүние жүзіне егемендігін жариялап, ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналды. Барша қордайлықтарды осы киесі шексіз, қастері өлшеусіз қасиетті Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміз өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел дамуында жаңа тарихи кезең басталды. Ата Заңымыз халқымыздың бас құжатына айналды. Төл Рәміздеріміз төрге шығып, ұлттық теңгеміз қолданысқа енді. Мемлекеттік шекарамыз белгіленіп, мемлекетіміздің мызғымас қорғаны – Қазақстан Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілеті нығайды.
Еліміз бүгінгі таңда Жаңа әрі Әділетті Қазақстан құру жолында әлеуметтік-саяси реформаларды жүзеге асырып жатыр. Жыл басындағы Конституциямызға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумды, Президенттің жеті жылға және бір мерзімге сайлануы туралы өзгерістерді ел азаматтары қуанышпен қабылдады. Ал, 20 қарашада өткен Президент сайлауы осы үлкен өзгерістердің заңды жалғасы болды.
Тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен әрбір жетістігі мен табысы — барша қазақстандықтардың ортақ еңбегі мен өзара татулығының нәтижесі.
«Бағалай білгенге бақ қонады» демекші, бүгінде мемлекеттің саясатын қолдаған түрлі этнос өкілдері Отанымызды өркендетуге атсалысып, ынтымақта өмір кешуде. Бүгінде түрлі этностар біте қайнасып, бірлікте өмір сүріп жатқанын өз ауданымыздан да көруімізге болады.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қордай ауданында әлеуметтік-экономикалық сала бойынша көптеген өзекті мәселелер шешімін тауып, ауқымды істер еңсерілгеніне халық куә.
Аудан тұрғындарының ерен еңбектерінің нәтижесінде өңірде экономиканың барлық бағыттары қарқынды дамып келеді. Әр салада жаңашыл бастама, игі істер бар. Білім ошақтары жаңарып, денсаулық саласы жанданып, мәдениет пен өнеріміз өрлеп, спорт саңлақтарымыз әлемдік аренада жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
2022 жылы аудан бойынша 29 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде: білім саласында 2 нысан, денсаулық саласы — 4 нысан, ішкі істер органдары, төтенше жағдай — 3 нысан, тұрғын үй — 9 нысан, спорт саласы — 4 нысан, мәдениет саласы — 4 нысан. Білім саласында 2 нысан – Арал ауылындағы 180 орындық мектеп пен Қалғұты ауылындағы 180 орындық мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Денсаулық саласы бойынша да аса маңызды әлеуметтік нысандар 2 дәрігерлік амбулатория, Гвардейск қалашығындағы биозаводы және БСЛ-3 құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл құқық қорғау саласы үшін де қаражат бөлініп, полиция бөліміне жаңа ғимарат салына бастады.
«Асарлатып үй салу» бағдарламасы бойынша 2022 жылы аз қамтылған отбасыларға 15 жеке үй салып алу жоспарланған еді. Бүгінгі күнге 9 отбасыға асарлатып үй берілді.
Құрметті аудан тұрғындары!
Ауданымыздың барлық саласында қол жеткізген толағай табыстар мен жетістіктер, игілікті істер алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба бермек.
Шуағын шашқан шырайлы мереке – Тәуелсіздік күні құтты болсын. Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болғай! Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасының амандығын тілеймін!
Мереке құтты болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.