АУДАН ӘКІМІ НАЗАРЫНДА – ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР

0

Бейсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков Қордай ауылының әкімі Әділет Қаспақбаевпен бірге Қордайдағы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, жай-күйімен танысты.

 

«Бауырхан» базарынан бастап орталық ауруханаға дейін жүріп өткен аудан әкімі тұрғындардың қолайлығы үшін жасалуы тиіс бірқатар мәселелерді атап өтті. Бегзат Болатбеков Төле би көшесінің тротуарын Жібек жолы көшесінен орталық ауруханаға дейін кеңейту керектігін жеткізді.

 

Аудан басшысының айтуынша осы бөліктегі тротуар ені кемі үш метр болуы тиіс. Неге десеңіз, Төле би көшесінің осы бөлігі көп адам шоғырланатын үлкен сауда ортасына айналғандықтан, жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызуда. Сонымен қатар, Бегзат Болатбеков ауыл әкіміне жол жиегін абаттандырып, ыңғайлы авто тұрақтар жасауды ұсынды.

Осыдан кейін аудан басшысы «Үсен ұлы» базарына кіріп, саудагерлерден азық-түлік және жеміс-жидек бағаларын сұрастырды. Белгілі болғандай, кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы бекітілген шекті мөлшерден асып кеткен. Мысалы, ұнның бағасы қымбаттаған. Аудан әкімінің ұн неліктен қымбат?, деген сұрағына саудагерлер өздеріне қымбат бағамен келетінін жеткізді. Осы ретте, Бегзат Болатбеков кәсіпкерлік бөліміне ұнның қай жерден келетінін, неліктен баға өскенін анықтауды тапсырды. Сондай-ақ, аудан әкімі базар әкімшілігіне сауда павильондарын көрікті етіп, заман талабына сай жасау керектігін және өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін ескертті.

Аудан әкімі «Қордай шамшырағы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің редакциясына да кірді. Тілшілердің халін сұрап, редакция жағдайымен танысып, «көздің қарашығындай» сақталып тұрған көне газеттерді көрді. Бас редактормен сұхбат барысында редакцияға қажетті материалдық-техникалық жабдықтар мәселесі айтылды. Бегзат Сейсенқұлұлы қолдан келгенше көмегін аямайтынын жеткізіп, тілшілерге шығармашылық табыс тіледі.

Орталық ауруханада аудан әкімі жедел жәрдем қызметінің жұмысымен танысты. Жедел жәрдем қызметінің аға фельдшері қазіргі ахуалды толық баяндап, тұрғындардың қоңырауы қалай түсетіні, жедел жәрдем бригадаларының іс-қимыл әрекеттерін түсіндіріп шықты. Бегзат Болатбеков шағын ауылдарға жедел жәрдем кешікпей баруы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар, аудан басшысы орталық аурухананы және №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының жылыту қазандығымен танысты. Таяуда бұл жерде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, ауруханада резервті жылыту жүйесінің жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бас дәрігер Зәуреш Қадырбекованың айтуынша, бұл қыс мезгілінде жылыту жүйесі аяқасты істен шыққанда қосылатын резервті жүйе. Осы секілді «Батыс» ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің, №3Абай атындағы  орта мектептің және Бетқайнар ауылындағы №27 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазандықтарын да көріп шыққан аудан әкімі жылыту маусымына бұл нысандар жүз пайыз дайын болуы керектігін ескертті.

Бетқайнар ауылынан кейін аудан әкімі Сарыбұлақ ауылдық округіне барып, Шу өзенінен қосымша суғармалы су алуға бағытталған жұмыстармен танысты. Биылғы аптап ыстықта суғармалы су үлкен проблемаға айналғаны баршаға белгілі. Аталған жұмыстарды аяқтағанда осы округ егістіктеріне Шу өзенінен қосымша су алуға мүмкіндік болады. Бегзат Болатбеков бұл жұмысты сапалы орындауды тапсырды.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.