«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков тұрғындарға қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға мекеме, бөлім басшылары қатысты. Сондай-ақ, барлығы 8 тұрғын келіп, өз өтініштерін білдірді. Жеке қабылдауға келген тұрғындар аудан әкіміне ұсыныс-тiлектерiн жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.
Қордай, Қарасай батыр, Жаңатұрмыс ауылдарынан қабылдауға келушілер негізінен – әлеуметтік осал топ ретінде тұрғын үй алу, материалдық көмек алу, мүгедектік алу, жер мәселелері туралы сұрақтармен келді.
Аудан басшысы Бегзат Сейсенқұлұлы, азаматтардың әрқайсысын мұқият тыңдап, мәселенің заңдылығын жан-жақты түсіндірді, әр тұрғынның мәселесі бақылауында болатындығын айтып, олардың әлеуметтік жағдайына сәйкес қолдау шараларын көрсетуді округ әкімдеріне, тиісті бөлім басшыларына жүктеді.
Кейбір өтініш-арыздар бірден шешімін тапса, енді бірқатары жан-жақты зерделеніп қарастырылатын болды.
Әділет САТЫШЕВ