«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Президентіміздің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз еткен болатын. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берген еді. Осы мақсатта бейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінің фойесінде аудан әкімі Мәден Мұсаев Қордай ауылы тұрғындарымен кездесті. Дәстүр бойынша кездесуге аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары, құқық қорғау және Төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері қатысты.
Осы күні кездесуге келген әр азамат кез-келген мекеме басшысына жолығып, өз мәселесін айтуға мүмкіндік алды. Алайда, тұрғындардың көпшілігі әдеттегідей тікелей аудан басшысымен сөйлесуге тілек білдірді. Нәтижесінде 12 адам аудан әкімімен көзбе-көз кездесіп, арқалап келген сұрақтарын қойды. Айта кететін жәйт, жиынға келген тұрғындардың басым көпшілігі жеке мәселесімен келген. Кездесу барысында көтерілген сұрақтар қатарында баласын жоғарғы оқу орнына түсіруге көмектесуден бастап тұрғын үй алуға ықпал жасау, жұмыспен қамту мәселелері болды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар да көмек сұрай келіпті. Жалпы үш сағатқа созылған кездесу барысында бірқатар сұрақтардың шешімі де табылды. Мәден Тоқтарбайұлы тиісті мекемелердің басшыларына күрделі проблемамен келген жандарға құқықтық және өзге де көмек көрсету, түрлі бағдарламалар туралы түсініктеме беру, шешу жолдарын қарастыру бойынша тапсырма берді.
АУДАН БАСШЫСЫ ҚОРДАЙЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Prev Post