АУДАН МӘДЕНИЕТІНІҢ БҮГІНІ ҚАНДАЙ?

0

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Сол бағалы мәдениеттің аудандағы жайы қандай? Бүгінгі тынысы, ертеңгі бағдары, бағамы, басымдығы мен осал тұстары турасында өткен сәрсенбіде ой қозғалды. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков ауданның мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесіп, жоғарыда атап өтілген мәселелер жайында пікір алмасты.

Аудандық Мәдениет үйінің үлкен залында болған кездесуге аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысты. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдениет мекемелерінің жетекшілері, оның ішіндегі түрлі үйірмелер мен ансамбль қызметкерлері, кітапхана мен музей өкілдерінен жиналған қауыммен кездесуге келген аудан басшысының да, жиынға қатысушылдардың да көкейде жүрген мәселелерін ашық айтуға осы күні мол мүмкіндік туды.
— Соңғы жылдары ауданның мәдениет саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар болып жатыр. Көптеген ауылдарда бұрын болмаған мәдени ошақтар бой көтеруде. Осыған дейін негізгі басымдық білім мен спортқа немесе өзге салаларға ауып жататын. Қазір мәдениетке бетбұрыс өте жақсы. Сіздердің тараптан ұйымдастыратын түрлі мерекелік шаралар көңілімізден шығады. Кеше ғана ауданның 95 жылдық тойына арналған концерттік бағдарламаларыңыз өте тамаша болды. Бірақ, мәдениет деген ұғым осымен ғана шектелмейді ғой. Жалпы, аудан тұрғындарының мәдениетін көтеру үшін қандай шараларды қолға алудасыздар? Нендей жұмыстарға мән беруіміз керек. Бүгінгі кездесуге келгендегі мақсатымыздың бірі осы, — деген Бегзат Сейсенқұлұлы бір жылға немесе үш жылға арналған осы мәдениетті дамытуға нақты жоспар жасау қажеттігін алға тартты. Әрине, ұзақ жылдар аудан мәдениетін алға сүйреп жүрген жандардың ұсыныс-кеңестеріне де құлақ түрді.
Мәселен, белгілі хореограф, «Махаббат» би ансамблінің негізін қалаушы Зияш Жазықбаева Қордайда жастар театры ашылса, амфитеатр салынса, дәстүрлі ән мен термешілер мектебі бой көтерсе деген тілегін айтты. Бұл ұсыныстар аудан басшысы тарапынан қолдауға ие болды.
— Қордай ауылының «Батыс» ықшам ауданы аумағында биылғы жылы бірқатар жоспарларымыз бар. Соның ішіне осы мәселелерді енгізетін боламыз. Бірақ, біздің тарапымыздан құрылыс мәселесі шешіледі, ал сіздердің, мәденит саласы қызметкерлері тарапынан сол жұмысты жолға қою жайы үнемі жалғасатын бола ма? Мәселе осында, сол үшін де жүйелі жоспар болғаны абзал, — деді аудан әкімі.
Мәдениетке қатысты мәселелер турасында, ұсыныстары мен кейбір өзекті проблемаларды шешуде қолбайлау болып отырған жайлар, мамандардың әлеуметтік жағдайын көтеру турасында аудандық Мәдениет үйінің директоры Жанат Нуралиева сөз қозғады. Ал, «Зерде» бейнемобилінің жетекшісі Зураш Бұрымбаева шалғай ауылдарға шыққан кездегі ауыл тұрғындарының тілегін де айта кетті.
Аудан орталығына қажет сахна салу мәселесі де шешімін табатындығы жиналған сала мамандарының көңілінен шықты. Аудан басшысы жиналмалы сахна міндетті түрде ауданның өзінде болатынын жеткізді.
— Ұсыныстарды тыңдадым. Көп нәрсенің шешімін табуға болады. Біз бір ауданның халқы үшін еңбек етудеміз. Осы орайда аудан әкімдігінің бөлімдері арасында байланыстың жоқтығына тағы бір мәрте көз жеткіздім. Бұл ретте барлық ұсыныстардың басын жинайтын, нақты талабы бар жоспарды маған бір аптаның ішінде дайындау үшін аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысына тапсырма беремін, — деді Бегзат Болатқұлов.
Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.