ҚОРДАЙ БАТЫР ХАҚЫНДА

0

Биыл ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толды. Осыған орай аудамыздың атауына байланысты бірқатар деректермен бөліссек деген ниетіміз бар.
Ертеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Қордай батыр І-ІІ ғасырда көшпелі сақтар мен ғұндар заманында өмір сүрген екен. Сол замандағы Асиби деген ел билеушісінің сенімді серігі болғанға ұқсайды. Патша әмірімен Қордай батыр шығыстан келетін жауға тойтарыс беруді міндетіне алған. Қордай батыр секілді Аспара, Атар сынды қолбасшылар жау жолына қарсы тұра білген.
Қордай батырдың шын мәнінде біздің дәуіріміздің І-ІІ ғасыр аралығында ғұмыр кешкенінің бір дәлелі ретінде қырғыздың мың жылдық «Манас» эпосында «Қордайыңа қол салды. Көлқопаға жол салды» деген жолдарды айта кету керек.
Ежелгі заманда, бұдан екі мың жыл бұрындары ғұндардың дәуірлеп тұрған шағында ғұмыр кешкен, асқан батыр Қордай аңызға айналып, ұрпақтан ұрпаққа тарап, бүгінгі заманға жетті.
Аңыздарда Қордай батырдың дене бітімі өте ірі болғандығы айтылады. Батырдың тұлғалы, алып болғанын табанының көлемінен байқауға болады. Қазіргі таңда Қордай батырға орнатылған ескерткіш маңында оның ізі қалған тас бар. Бұл тастың бетіндегі батырдың ізіне қатысты түрлі жорамалдар айтылады. Соның бірінде биік шоқының үстіндегі тасқа шығып, жауларының келе жатқанын көрген батыр ашуға булыққан сәтте тастың бетіне аяғының іздері қалғаны туралы баяндалады.
Қордай батыр өзінің жаужүректілігінен бөлек айлакерлігімен де жауға тойтарыс бере білген тұлға. Қазіргі Жамбыл облысының аумағындағы Хантау бөктерін жау шапқан кезде, Шудың батыс жағынан Аспара батыр, шығыстан Қордай батыр екеуі ақылдаса келіп, жаудың қалың қолын қырып салған деседі. Қапияда қос батырға қарсы амал жасай алмаған жау әскерінің қып-қызыл қаны Хантау тауының бөктері мен сай-саласынан ағыпты. Осы оқиғадан соң сол таудың аты «қантау» аталып кеткен. Оны бүгінде халық Хантау деп атайды.
Айтпақшы, Қордай батырдың ескерткіші Алматы-Қордай күре жолының 171 шақырымындағы Қордай асуына қойылған. Ескерткіш 2002 жылы қызыл гранит тастан көлемді етіп жасалып, тас тұғырдың үстіне орнатылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.