АУДАНДАҒЫ БІРЕГЕЙ ҚАРЖЫЛЫҚ ИНСТИТУТ

0

Шаруаларға қолжетімді несие, қаржылық қолдау  ауыл кәсіпкерлігін дамытуға серпін берді. Әсіресе, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығында өз ісін бастағысы келетіндер немесе дамыту, өркендеу жолын таңдағандар үшін қолдаудың нағыз қайнар көзіне айналған «Қордай» несие серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне биыл 20 жыл толыпты.  Серіктестіктің миссиясы туралы және қордайлықтардың агробизнесті, өндірісті жүргізуде қандай нақты көмек алғаны жайында серіктестік директоры Батыров Ғалым Қырғызбайұлымен сұхбат барысында сұрап-білген едік. Соны назарға ұсынсақ.

— Ғалым Қырғызбайұлы, 20 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын! Қаржылық институт үшін бұл аз уақыт емес. Жалпы серіктестік құрылған алғашқы жылдар, бастауында кімдер тұрды, мақсаты, мүддесі мен жетістіктері турасында айтып өтсеңіз…

-Рахмет! Алдымен несие серіктестік деген ұғымның не екені туралы сөз етсек. Несие серіктестік – ақшаны жинақтау және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен өз қатысушыларының қаржылық, оның ішінде банктік қызметтерге қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін құрылған. Бір сөйлеммен айтқанда негізі осыдан басталады.  «Қордай» несие серіктестігі» ЖШС 2003 жылдың қараша айында құрылған болатын. Оның құрылтайшылары жарғылық капиталындағы 40% үлесі бар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мемлекеттік компаниясы. Сол жылдары аталмыш несие корпорациясы арқылы жер-жерлерде біз сияқты несие серіктестіктері құрыла бастады. Алғашында тек 35 қана қатысушысы болған.  Сол жылдың желтоқсанында Тараз қаласындағы облыстық Әділет басқармасында тіркеуден өтіп,  2004 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясын алып, өсімдік және мал шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы мақсатындағы қатысушыларын несиелеу бойынша қызметімізді бастадық. Ал, несиелік серіктестік құрылған кезде бар болғаны 4 қызметкер жұмыс істеді. Басқарма төрағасы, есепші, заңгер және несие маманы болды. Құрылтайшылардың жалпы жиналысында осы саланы жетік меңгерген Байтөле Болатбек Байқонысұлы басқарма төрағасы болып сайланады. Жалпы Болатбек Байқонысұлының зор ықпалы, жұмысты сауатты ұйымдастыра білуі, мақсат пен мүддені дөп тануының арқасында бұл серіктестіктің жұмысы алға басты деп айтуға толық негіз бар. Сол кезде алғашқылардың бірі болып еңбек етіп, мекеменің бухгалтериясын жүргізген Жұмакүл Бабикенова және басқа да азаматардың еңбегін атап өткен жөн.

— Яғни, сіздер мемлекет тарапынан қолға алынған түрлі бағдарламалар арқылы шаруашылықтардың дамуына серпін бердіңіздер ғой…

— Солай айтсақ та болады. Мәселен, біздегідей несие серіктестіктері облысымыздың барлық аудандарында құрылған. Бірақ,  «Қордай» несие серіктестігі» ЖШС  бір ерекшелігі ауылшаруашылық тауар өндірушілерін, оның ішінде «Кең дала», «DKZ-2021», «Іскер», «Сыбаға» және т.б.  осы сияқты мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыруды (несиелеуді) қамтамасыз ететін аудандық деңгейдегі жалғыз қаржы институты болып табылады. Ауыл шаруашылығы өндірісін жеңілдетілген несиелендіруді қамтамасыз ететін қалған ұйымдар тек облыс орталығында орналасқан. Сондықтан, біздің серіктестік аймағымыздағы бірегей қаржы институты деп атауға болады. Өйткені біз жергілікті жерде шаруаларға толыққанды қаржылық қолдау көресете алатын ұйым саналамыз. Бұл шаруа қожалықтардың, кәсіпкерлердің облыс орталығына сабылмай, уақыты мен қаржысын үнемдеуге үлкен көмек, әрі қолдау.

— Түсінікті. Енді нақты несиелендіру жұмысына тоқталсақ. Қандай шарттар түзілді, пайызы қандай, кімдер тікелей сіздердің қолдауларыңызға ие болды. Сол жайын тарқатып берсеңіз…

— Иә, расында біздер арқылы қаржыландырылған, қазіргі таңда «тасы өрге домалап» жүрген шаруалар мен кәсіпкерлерді мақтан тұтамыз. Олармен әріптестік байланысымыз үзілген емес. Біздің көптеген қатысушылар несие ресурстары арқылы мал басын көбейтуге, техникалық паркін жаңартуға, тамшылатып суару жүйесін сатып алуға және орнатуға, егістік жерлерді кеңейтуге мол мүмкіндік алды. Егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар жыл сайын көктемгі дала жұмыстарына және жиын-терім кезінде  5%-бен 1 жылға дейінгі мерзімге несие алады. Мұнда негізгі қарыз да, сыйақы да мерзім соңында өтеледі. Ал, мал шаруашылығына келер болсақ «Қалдыбай тегі», «Қабыл-Нұр», «Шохан», «Аухаттылық»  шаруа қожалықтары мен асыл тұқымды ірі қара және ұсақ мал өсірумен айналысатын «Алдияр» шаруа қожалығы мал басын көбейтуге мол мүмкіндікке ие болды. Біз атап өткендер тек бірқатары ғана, өзге де қожалықтар несие серіктестіктің шапағатын аз көрген жоқ. Мәселен,  «Дәурен-Ай», «Медет», «ФГН» шаруа қожалықтары және өзге де мал шаруашылығы бағытында еңбек етіп жүрген жандар, мал бордақылаумен айналысатын жеке кәсіпкерлер өз істерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Орта есеппен жыл сайын несиелеу 70-тен 100-ге дейін «Қордай» несие серіктестігі арқылы жүзеге асыратынын ескерсек, бұл аз көрсеткіш емес деп ойлаймын.

— Қазір жақсы кадрдің қадірі артқан уақыт. Жалпы серіктестік қаржылық мәселемен айналысқан соң, экономиканы, бухгалтерияны жақсы білетін, тіпті ауыл шаруашылығы саласынан хабары мол сауатты мамандар болғаны абзал. Сол жағына тоқталып өтсек.

— Жұмыс жүйелі жүруі үшін мамандардың білікті болғаны жөн. Қазіргі таңда бізде сондай мамандар тобы шоғырланған.   Қазіргі уақытта НС-де техникалық қызметкерлерді есептемегенде 11 маман жұмыс істейді. Қызметкерлердің сауатты және үйлесімді жұмысының арқасында біз несие портфелінің көлемі мен сапасы бойынша әрқашан өңіріміздегі несие серіктестіктері компаниясының үздік үштігіне кіріп отырмыз. Ең жоғарғы «А» рейтингінде тұрғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл жетістік биігінде әлі де қалу жоспарымызда бар.  Иә, барлығы оңай келе қойған жоқ. Алғашқы жылдары компанияның жеке әкімшілік ғимараты болған жоқ, үй-жайларды жалға алуға мәжбүр болдық. Ауданымыздың басшылығының көмегімен 2008 жылы жер телімі бөлініп, капитал мен жинақталған пайданың ұлғаюына байланысты әкімшілік ғимарат бой көтерген болатын. Ал, мен өзім несие бөлімі басшысы қызметін атқара жүріп, осы қызметке сайландым.

— Қазіргі таңдағы несие серіктестігінің мүшелері, саны мен сапалық құрамы турасында айтып берсеңіз…

— Құрылған сәттен бастап жыл сайын серіктестік мүшелігі несие алғысы келетін жаңа қатысушылармен бірнеше рет толығып отырды.  Мүшеліктен шығып жататындар да бар. Жалпы бүгінгі күнге дейін мүшелікте 506 қатысушы болса,  бүгінгі таңда 346 қатысушы нақты бізден жұмысын жалғастыруда. Оның ішінде 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1 өндірістік кооператив, 187 шаруа қожалығы және 153 жеке кәсіпкерлер бар. Жыл сайын берілетін несиелер көлемін ұлғайтып, өз қызметінен оң қаржылық нәтижесін алуда. Қазір серіктестіктің меншікті капиталы ұлғаюда. Өз қызмет ету кезеңінде «Қордай» несие серіктестігі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жалпы сомасы 7 млрд 42,5 млн. теңге несие берген бірегей қаржы институты.

— Еңбектеріңізге табыс тілейміз.Сұхбатыңызға рахмет!

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.