АУДАНДА ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

0

Тонналап көмір түсіріп, қыстай үйдегі температураны тоңбастай етіп сақтауға жанталасқан, таңмен күлін шығарып, көк түтінмен алысқан шақты Қордай ауданындағы бірқатар ауыл тұрғындары ұмыта бастады.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы тапсырмасының аясында ауданымызда ауқымды жұмыстардың атқарылғаны белгілі.

Президеттің игі бастамасының шапағатын шалғайдағы елді мекен тұрғындары да сезініп, көгілдір отынға қолы жеткен ауыл халқының арманы орындалды. Ауданды толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары бүгін де жалғасуда.  Еске сала кетсек, қазіргі таңда Қарасай, Еңбек, Керу ауылдарына газ құбырын салумен «Алия-Сервис» ЖШС айналысуда. Жұмыстарға ештеңе кедергі болмаса, көп ұзамай шалғай ауылдардағы халық үйіне газ кіргізіп, қытымыр қыстан қиналмай шығатын болады. Сондай-ақ, Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарына газ жүргізуді  «Gas Energy Construction» ЖШС қолға алған. Қордай-Ноғайбай ауылының кіреберісінен  бастап 5,2 шақырым траншея қазылып, газ құбыры дәнекерленіп, жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта жалпы 52 шақырым болатын газ құбырын жүргізу жұмыстары аяқталған.  Ырғайты өзенінің арнасы мен аудандық маңызы бар жолдардың астынан өткізу жұмыстарына біршама уақыт кеткен. Енді тарату қораптары (ШРП) орнатылып, құрамына аталмыш үш ауыл кіретін Ноғайбай ауылдық округін табиғи газбен қамту жұмыстарын биыл толығымен аяқтау жоспарда бар.

Былтыр «Отар» аймағын газдандыру жоспарына сәйкес, 12 елді мекенге газ құбыры тартылған болатын. Жұмыстарды 5 мердігер атқарды. Осылардың ішінде Кенен ауылында «Қазақ СМР» ЖШС көшелерге құбыр тартып,  471 ауланың 373 ауласымен тиісті келісімшарт жасалған. Соның арқасында былтырғы қысты кенендіктердің басым көпшілігі газбен өткізді.

Соңғы бірнеше жылда Мемлекет Басшысының бастамасымен газдандыру бойынша Қордай ауданында қыруар жұмыс атқарылып, 22 ауылды газдандыруға 10 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Осының арқасында, қордайлықтардың «көгілдір» отынмен қамтылу деңгейі 47-ден 95 пайызға жетті.

Жалпы, Қордай ауылына газ құбыры 1987 жылы тартылғанымен, аудандағы үлкенді-кішілі елді мекендерді газдандыру мәселесі ондаған жылдар бойы шешімін таппай келген. Десек те, соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауданымызға ауқымды қолдау көрсетіліп, аудан орталығына жақын жатқан ауылдар былай тұрсын, тіпті шалғайдағы Көктөбе, Аңырақай, Бел сынды елді мекендерге газ құбыры тартылды.

Сондай-ақ, Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасу, Өтеген, Қызылсай, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарына газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп, бас-аяғы 392 шақырым магистральді газ құбыры салынды. Бұл іс өз кезегінде 62 мыңнан астам азаматқа қуаныш сыйлап, 300-ге жуық әлеуметтік және кәсіпкерлік нысанының табиғи газбен қамтылуына мүмкіндік берді.

Айта кетсек, табиғи газ бүгінгі таңда ең таза органикалық отын болып табылады. Сондықтан ауданның елді мекендерін газдандыру экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға, зиянды қалдықтар көлемін айтарлықтай азайтуға ықпал етпек. Оның үстіне «көгілдір отынның» арқасында тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жеңілдеп, қыс маусымында отынға кететін шығын да азаятыны анық.

 

Дайындаған Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.