АУЫЛ АЖАРЫ АШЫЛА ТҮСПЕК

0

Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың кестеге сәйкес ауылдық округтерге жұмыс сапары жалғасуда. Аудан басшысы дүйсенбі күні Жамбыл ауылдық округіне барып, әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесу өткізді.

Бегзат Сейсенқұлұлы алдымен Жаңатұрмыс ауылындағы №29 Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы орта мектептің жұмысымен танысты. Мектеп ішін аралап, жылыту қазандығының жайын көрген аудан әкімі мамандармен кездесіп, бірқатар ұсыныстар мен ескертулерін айтты. Осыдан кейін бүгінгі таңда ауыл шаруашалығы саласында шаруасын дөңгелетіп отырған «Жаңатұрмыс — Бірлік» ауыл шарушалығы кооперативіне барды. Кооперативтің қазіргі жұмысы, алдағы жоспарлары туралы төрағасы Асет Спанов түсініктеме берсе, мемлекет тарапынан қолдау туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақдәулет Садырбаев баяндады. Аудан дамуының драйвері саналатын ауыл шарушалығын одан әрі дамыту, шаруаларға қолдау көрсету бойынша аудан басшысы бірқатар сұрақтармен қатар ұсыныстарын айтты. Осыдан кейін Бегзат Болатбеков Жаңатұрмыс ауылындағы медициналық пунктің жұмысын көріп, тұрғындарды медициналық көмекпен қамту жайына қанық болды. Келесі кезекте аудан басшысы Жамбыл ауылындағы №26 Ж.Жабаев атындағы орта мектеп пен дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысты. Аталмыш мектепте ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Ауыл тұрғындарының аудан басшысына қойған сұрақтары аз болмады. Барлығына да тұщымды жауаптар берілді. Мәселен, Жаңатұрмыс тұрғындары ауылдық поштаның жайын айтты. Пошта отырған ғимарат өте суық, келушілерге ешқандай жағдай жасалмаған. Бұл мәселені аудан әкімі назарына алды. Былтыр Жаңатұрмыс ауылында бірқатар жолдар мен саябақ жөндеуден өткен. Биыл ауыл әлеуетін көтеруге тағы да күш салынбақ. Ондай жұмыстар Жамбылда да атқарылмақ. Мәселен, биыл Жамбыл ауылындағы бірнеше көшеге ағымды жөндеу жұмыстары жасалады. Жарықтандыру қолға алынады. Жаңатұрмыста ауыз су жүйелеріне де ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Жамбыл ауылында спорттық-сауықтыру кешенін салу бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп, ауыл ішіндегі саябақты ретке келтіру, балалар алаңшасын салу жұмыстарын қолға алу жоспарлануда.
Түстен кейін аудан әкімі Қасық ауылдық округіне жол тартты. Әлжан ана ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені мен дәрігерлік амбулаторияға барған аудан әкімі онда мамандармен кездесіп, жұмыс барысына қанық болды. Осыдан кейін ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар қатарында, негізінен, жер мен жайлым, көшелерді жарықтандыру, ретке келтіру сынды ауыл жайына қатысты сұрақтар көтеріліп, барлығына жауаптар берілді. Жағымды жаңалық та жоқ емес. Ауылдағы спорттық-сауықтыру кешені жанынан биыл балалар алаңшасы бой көтермек. Оның шығынын ауыл жастары өздері көтергелі отыр екен. Кездесу барысында туындаған кейір мәселелер бойынша аудан басшысы жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді. Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.