БӨЛШЕК САЛЫҚТЫ АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМІНЕ КӨШІРУ НЕ БЕРЕДІ?

0

Жақында өткен сессияда аудандық мәслихат депутаттары бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2% дейін төмендету, сол арқылы ауданда кәсіпкерлікті дамытуға нақты жағдай жасау туралы шешім қабылдады.

Бөлшек сауда салығын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бекітілген қызмет түрлері тізбесінен бір немесе бірнеше қызмет түрін пайдаланған жағдайда төлейтінін атап өткен жөн. Ол келесі ставкалар бойынша төленеді: жеке тұлғаларға сату үшін 4% және заңды тұлғалармен мәмілелер үшін 8%. Бұл ретте мәслихаттар жеке тұлғаларға сатылатын қызметтер мен тауарлар үшін бөлшек салық мөлшерлемесін төмендетуге құқылы (бірақ 50%-дан аспауы тиіс).

2023 жылы бөлшек салық мөлшерлемелері тек Қарағанды мен Қызылорда облыстарында 2%-ға, Астанада 3%-ға дейін төмендетілді. Бұл ретте 2024 жылға арналған бөлшек салық ставкасын төмендету туралы шешім 2024 жылдың наурыз айының соңына дейін қабылдануы керек еді. Осыны ұтымды пайдаланған аудандық мәслихат депутаттары дер кезінде шешім қабылдап, бөлшек салықтың 2 пайыздық мөлшерлемесін бекітті. Осы шешімді әділет органдарында тіркегеннен кейін шешім 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1240 қаулысы қабылданғаннан кейін қызмет түрлерінің тізбесі екі есеге – 190-нан 364 қызмет түріне дейін кеңейтілді. Ал бұлар бөлшек сауда, мейрамхана және қоғамдық тамақтандыру қызметі, спорт және демалыс саласында білім беру, мәдениет, баспа ісі, конференциялар мен сауда көрмелерін ұйымдастыру, жөндеу қызметтері, құрылыс техникасын жалға беру және т.б. қызметтер.

Бөлшек салық салу мақсатындағы қызмет түрлерінің тізбесін мына сілтемеден табуға болады:

https://atameken.kz/ru/news/51149-perechen-vidov-deyatel-nosti-dlya-roznichnogo-naloga-uvelichilsya-vdvoe

Бөлшек салықты арнайы салық режиміне көшіру шын мәнінде кәсіпкерлерге не береді?

Белгілі болғандай, егер кәсіпкердің айналымы 20 000 АЕК – 73 840 000 теңгеден (2024 жылғы айлық есептік көрсеткіш – 3 692 теңге) асса, ҚҚС бойынша тіркелу және қосымша 12% салық төлеу міндеті туындайды.

Бұл мәселе 2023 жылы жеңілдетілген режиммен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін өзектіліктің шыңында болды және үлкен резонанс тудырды.

Енді бөлшек салықтың арнаулы салық режимін пайдалана отырып, өңіріміздегі кәсіпкерлердің заңды негізде ҚҚС төлеуші болмауға мүмкіндігі бар: айналым көлемі 2,2 млрд теңгеге дейін және штат саны 200 адамға дейін болғанда жеке тұлғаларға сату кезінде 4% салық (біздің жағдайда 2%) және 8% — заңды тұлғалармен мәмілелер үшін ғана салық төлейді (еңбекақы қорын қоспағанда).

Бөлшек саудада салық салу режиміне ауысқысы келетін кәсіпкер әртүрлі елді мекендерде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыра отырып, салық хабарламасын қызметтің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсына алады.

Ержан ӘДЕН, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.