Аудандық Мәдениет үйінде «Еңбек мобильдігі орталығы» Қордай ауданы бойынша Мансап орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Көптеген жұмыссыз азаматтар және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар бұл шараға қатысып, жұмыспен қамтылу мүмкіндігіне ие болды.
Жәрмеңке барысында бірнеше кәсіпорындар мен мекеме өкілдері бос жұмыс орындарын ұсынды. Атап айтқанда, «Жихаз-2» және «Korcem» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы, аудандық орталық аурухана, «Казахтелеком», Шу аудандық аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысы, жеке сот орындаушы, аудандық пробация қызметі, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық кәсіпорыны, «Флагман» сауда үйі, аудандық мәдениет үйі және «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшылары жәрмеңкеде қолданыстағы бос орындар туралы таныстырылым өткізді.
Жәрмеңкеде білім деңгейі мен тәжірибесіне сәйкес бірнеше мамандық салалары ұсынылды.
Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыздық мәселесін шешу, азаматтарды жұмысқа орналастыруға ынталандыру, және аудан халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аудан тұрғындарының жұмысқа орналастыру саласындағы қажеттіліктері мен талаптарын орындауға бағытталған нақты қадам.
Бұл шараның нәтижесінде 53 мекемеден 205 тұрақты жұмыс орны ұсынылды, оның ішінде білім саласында 132 бос орын, денсаулық сақтау саласында 9 бос орын, ал басқа салалар бойынша 60 жұмыс орны.
Мансап орталығының сектор меңгерушісі Альмира Райымбекова өз сөзінде шараның маңыздылығын атап өтті.
«Жәрмеңке барысында көптеген жұмыс іздеушілер өздерін қызықтыратын қызметтер туралы ақпарат алды. Нәтижесінде, 22 азамат тұрақты жұмысқа сұхбаттасуға жолданды. Біз жұмыссыз азаматтар үшін тұрақты кәсіппен қамтамасыз етуге бар күшімізді салып жатырмыз», — деді ол.
Альмира Райымбекова, сондай-ақ, мемлекет тарапынан ұсынылған «Қысқа мерзімді кәсіптік оқу», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» тәрізді бағдарламалардың жұмыссыз азаматтарға көмектесетінін айтты. Ол, солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарға да ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы шаралар ұйымдастырылғанын хабарлады.
«Біздің мақсатымыз – жұмыссыздықты азайтып, азаматтардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру», — деп сөзін қорытындылады Альмира Райымбекова.