БАЛА ТӘРБИЕСІ — ҰЛТ ТӘРБИЕСІ

0

Бүгінде егеменді ел болып, еңсеміз көтеріліп, жоғалтқан құндылықтарымызды еселеудеміз. Дейтұрғанмен, елімізде отбасы құндылығының мәні төмендегені жасырын емес. Отбасы институты төмендеп, қиын кезеңдерді басынан өткізуде. Сонау кеңестік заманның отбасы дағдарыстары, ажырасу мен азаматтық неке, үйленбеген, үйленуді мақсат ете қоймайтын жастардың көбеюі, отбасында ата- ана қадірінің төмендеуі, өскелең жастар арасындағы заңбұзушылықтар мен қылмыс жасаудың өрбуі, некесіз туылған, тастанды «тірі жетім» балалар және тағы сол сияқты қоғамдағы жат қылықтар мен жағдайлар ешкімді таңғалдырмай, әдеттегі нормаға айналып бара жатқандығы – отбасы институтының төмендеуіне әкеліп соқты.

Кез келген мемлекеттің тірегі – рухани- адамгершілік тәрбиесі қалыптасқан отбасы. Бүгінгі кезеңде отбасы көптеген әлеуметтік салалармен байланыста болу керек. Олар – мектепалды дайындық мекемелері, мектеп және арнайы, жоғары оқу орындары, өнер, мәдениет ошақтары, шығармашылық орталықтар, жастар ұйымдары, көрме залдары мен кітапханалар, мұражайлар, туристік орталықтар, әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, орта және шағын бизнес өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болып, етене араласуы жас ұрпағымыздың тәуелсіз мемлекетімізде өркениетті бағытта дамуы мен тәрбие алуына зор мүмкіндік береді.

Әрине, отбасы тәрбиесіне тікелей отбасы тәлімгерлері, ата-ана жауапты. Жанұяда ата-ана беделі – басты талап. Бала тәрбиесін жүзеге асыруда оның ата-анасының өзара қарым-қатынасы, сыйластығы, моральдық-психологиялық ахуал, әлеуметтік жағдай, ең негізгісі – баланы жақсы көру, оның пікірімен санасу секілді мәселелер педагогикалық жоғары талап. Дегенмен, ата-аналар өз тарапынан баланың іс-әрекетін, өмірге деген көзқарасын, дүниетанымын, қызығушылығын, әлеуметтік желідегі пікірі мен достарын жіті қадағалап отырулары шарт. Ал, мұғалімдер мен оқытушылар тарапынан оқушы мен студенттің әлеуметтік портреті, ата-анасы, отбасы туралы педагогикалық талдау – әлеуметтік, психологиялық, ақпараттық көмек көрсету басты міндет. Әрине, қазақ отбасындағы өзіндік ұлттық тәрбиесінің ерекшелігі, ұстанатын қағидалары, сүйенетін тағылымдары бар. Халқымыздың этнопедагогикасының әдіснамалық негізін салушы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор К.Ж.Қожахметованың «Мектептiң ұлттық тәрбие жүйесi» атты оқу құралында көрсетiлген ережелермен келiсе отырып, аталған ережелердiң мазмұнына үңiлер болсақ, әр қағида тәлiмдiк мән-мағынаға ие, педагогикалық талаптарға жауап бере алады. Ата- аналар тарапынан толықтырулар енуi де мүмкiн. Әр отбасының өзiндiк ұстанымдары мен қағидалары болары сөзсiз. Бiздiң мақсат – педагогикалық бағыт- бағдар беру, әдiстемелiк тұрғыдағы жәрдемнiң ыңғайына жол көрсету.

Балаға жақсы ат қою. Балаға iзгi оймен, таза ниетпен жақсы есiм берген дұрыс. Бала өскенде өз атынан ұялмайтындай болуы шарт. Кiсiнiң есiмiнiң тағдырына да ықпалы бар деген пiкiрлер бар. Мазмұнды да мағыналы есiм оның ата-анасына да сыйластық туғызады.

Баланың тiлiн, ойын дамыту. Ғалымдар бала iште жатқаннан бастап онымен сөйлесу керектiгiн, анасы арқылы ой-өрiсiн дамытудың алғашқы сабақтары берiлу керектiгiн айтады. Бесiктегi жас сәбидi бесiк жыры әуенiмен тербетiп, ата-ана махаббаты халықтық саз арқылы бала бойына сiңгенi жөн. Тiлi шыққаннан бастап таза, дұрыс сөйлетуге талаптандыру керек. Баланың бұзып сөйлегенiн жөндеп, жаман сөзiн тыйып отырған дұрыс. Тiлiн, ой-өрiсiн жетiлдiру үшiн санамақ, жаңылтпаш, жұмбақтар айтқызып, тақпақтар жаттату, ертегi, әңгiмелер айтып беру қажет.

Денсаулыққа көңiл бөлу. Денсаулықтың қадiрiне жете түсiнудi әке мен шеше баланың жас кезiнен баулу керек. Үстi-басын таза ұстау, үй тазалығы, жыл мезгiлдерiне сай киiну, уақтылы дұрыс тамақтану, тән-тұрпатының жас ерекшелiгiне сай өзгерiстерден өтуiне бақылау жасайды. Балаларға тән аурулар мен жұқпалы аурулар кезiнде мәлiметтер берiп, сақтану мен емдеудi жолға қою керек.

Отбасылық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу. Әрбiр отбасында әулеттен келе жатқан қалыптасқан дәстүр, өз заңдары бар. Ата-бабадан мирас болған мұралар, көненiң көзi – тұрмыс заттары жанұя құндылығы екенi даусыз. Ата мен әженiң өсиетi де құндылық көзiн байыта түседi. Отбасында ата мен әженi дәрiптеу, құрметтеп-сыйлау, әке- шешенiң ақылын тыңдау, сондай-ақ, ана тiлiн құндылық деңгейге көтеру де баланың құндылық ұғымдарға деген танымын кеңейтедi.

Баланың жынысына қарай тәрбие беру. Отбасында қыз бала тәрбиесi – ананың, ер баланың тәрбиесi – әкенiң мойнында болмақ. Әрине, анасына жақын ұлдар, әкесiне тән қыздар да бар. Әйтсе де, еркелету бiр басқа да, жанына үңiлiп, физиологиялық дамуы барысында ақыл-кеңес берудiң орны бiр басқа. Ер баланы сүндеттеуден бастап, жақсы жар табуына дейiнгi ата-ана тарапынан берiлер тәрбие – қыз балаға шашын жинап, сырға тағып бойжеткен атануына, дұрыс күйеу таңдауына бағыт беру – өте жауапты мiндет. Ең бастысы, қыз бала – қылықты да өнерлi бойжеткен, ұл бала – ер азаматтық мiнез танытар жiгiт деңгейiнен көрiнуi шарт.

Бiлiм алуына мүмкiндiк жасау. Баланың бiлiм алуы – ата-ананың басты парызы. Сондықтан оны балабақша тәрбиесiне берiп, мектепте бiлiм алуын ойластыруы қажет. Ата-ананың баланы өзi қалаған мектепте оқытуға құқығы бар. Баласының қабiлетi мен қызығушылығына сай, спорт немесе саз, көркемсурет мектептерiнде қосымша бiлiм әперiп, мектептегi немесе басқа жерлердегi түрлi үйiрмелерге қатыстырғаны жақсы. Баланың бiлiм алуына керектi құрал-жабдықтарының түгел болуын ата-ана қадағалап отырады.

Жауапкершілікті қалыптастыру. Балалардың жауапкершілігін қалыптастыру отбасындағы қарапайым тұрмыстық жұмыстарды меңгеруімен қатар, оның нәтижесіне де мән беру. Кез келген іс-әрекет пен сөйлеген сөзінің де басқалар алдында санасардай есебі бар екендігін ұғындыру. Балалардың отбасында тындырған істерін мадақтап, ескертіп, көзқарас білдіріп отырған жөн. Уақтылы өз ісінің бағасын алып көрмеген бала жеке жауапкершілік алуға қорқақтайды. Ерте сынауға түсу, өте жоғары талап қою немесе сенімсіздік таныту жауапкершілікті қалыптастырмайды, керісінше жауапкершіліктен қашуға әкеп соғады.

Дүниетанымын қалыптастыруға үйрету. Баланың мектепте алған бiлiмiн үйде бекiтiп отыру өте маңызды. Сондықтан бала бiлiмiнiң өмiрмен байланыстылығын, қоршаған ортаға, өмiрге көзқарасын дұрыс бағыттап, нақтылап отырған жөн. Жақсы мен жаман, адал мен харам тұрғысында көзқарас қалыптастыруға баули бiлу басты парыз. Өзiнiң адам ретiндегi рөлiн сезiнуден бастап, отбасындағы, ортадағы, қоғамдағы орнын бiлуге үйрету – өзiн тануға, адамзатқа тән қасиеттердi бағалату арқылы дүниенi тануға баулыған дұрыс.

Қабiлеттi шыңдап, дарындылығын дамыту. Баланың қабiлетсiзi болмайды, оны дамыту керек. Ол үшiн ұрпағының генетикалық мүмкiндiктерiнен бастап, елiктеушiлiк қасиеттерiне де аса аңғарымпаздық керек. Бала қабiлетi дөп басып анықталып, шыңдалса – бұл баланың бiр бақыты. Ата-ана өз баласының мүмкiндiктерiн ашу үшiн үйiрмелер мен мектептерге қатыстырумен шектелмей өз отбасында баласының жетiстiктерiн дәрiптеп отыруы керек.

Баламен оңаша қалуды естен шығармау. Баланың ата-ана мейiрiмiн, махаббатын оңашада сезiнгенi жақсы. Ата-ананың баламен оңашада сырласуы, ой бөлiсуi, ақылдасуы жақсы нәтижелер бередi. Баланың мiнiн жұрт көзiнше айтып, келеке ету немесе ұят iстерiне бала көзiнше көпшiлiктен көмек сұрау баланы жасық, ынжық етедi. Кей бала ата-ананың бұл мiнезiн кешiре алмай, ата-анасынан гөрi, басқа ортадан өзiне орын iздейдi. Балаға ата-анасынан асқан жанашыр жоқ екенiн iспен дәлелдеген дұрыс.

Келеңсiздiктi балаларға естiртпеу. Отбасында ерлi-зайыптылар немесе келген қонақтар арасында түсiнiспеушіліктер туып, арты келеңсiз жағдайға ұласар болса, балалар көзiнен тыс болғаны жақсы. Балалардың жаны жараланатын, әке-шешесi немесе аға-апасының беделi түсердей мәселеде отбасындағы өзге балаларды қатыстырмаған дұрыс. Қарғыс, боқтық, былапыт сөздердi ата-анасының аузынан естiмеу – баланы марқайтады.

Басқаларды үлгi ету. Балаға басқаларды үлгi ету – тамаша тәрбие құралы. Жақсы адамдардың жағымды мiнездерi, еңбекқорлығы, ерлiгi, адалдығы, имандылығы туралы отбасында әңгiме айтқан жақсы. Iшiнара баланы да әңгiмеге тартып, оның бағалау мүмкiндiгiн бiлген дұрыс. Дүниедегi атақты адамдар, ұлттың дара тұлғалары, танитын жандар тiптi баланың өз достарын да үлгi етуге болады. Бiрақ, бiр ескертетiн нәрсе, балаға ұрсып отырып, кемiте отырып, басқаны үлгi ету – баланың қызығушылығын емес, наразылығын, iшкi қарсылығын тудырады.

Туысқандық сыйластықты ұғындыру. Балаларға жақын жекжат, ағайын-туыстарды таныстырып отыру керек. Адамның үш жұрты болатындығын оларды сыйлау, құрметтеу қажеттiгiн түсiндiрген жөн. Әулеттiң толық мүшелерiнiң, ата- әже мен әке-шешенiң тату-тәттiлiгi балаға үлгi-өнеге болмақ.

Көршiмен тату болуға үйрету. Балаға көршiнi сыйлауға үйрету арқылы көптеген жақсы қасиеттердi бойына сiңiруге болады. Керек кезде қолұшын берiп көмектесу, өзiңе қажет кезде жәрдем сұрау, алыстағы ағайын-туыстың орнын толтыратынын түсiндiру қажет. Кейбiр нәрселердi оңаша ескертсеңiз де көршiңiздi балалардың көзiнше кiнәлап, айыптамау керек. Көршiмен сәлемдесiп, қолұшын берiп жүруiне мән берiңiз.

Баланың киiмiне мән беру. Баланың киiмiне мән беру – өзiне мән беру. «Бала жеңiне қарап өседi» дегендей, баланың мiнез-құлқы, өзiн бағалауы, өзiн ұстауы секілді қасиеттерiнiң қалыптасуына киiм киiсiнiң көп қатысы бар. Таза да ықшам қоғамдық талапқа сай киiнiп жүрген бала – қоғамдық орындарда өзiн еркiн ұстай алады. Үнемi өз ыңғайына сай киiнiп жүрген бала өз ортасында еркiн болғанымен, қоғамдық ресми орындарда ыңғайсызданып жүредi. Сондықтан мектепке киетiн киiмдерiне, ойынға, қыдырған кездегi киiнетiн киiмдерiне немқұрайлы қарамай, ерте жастан қалыптастырған дұрыс.

Айтқанды тыңдауға, бағыну заңына үйрету. Тәрбиенiң қатаң тәртiп аясында болмай, еркiн берiлгенi дұрыс. Дегенмен, бала отбасы талабына бағынғаны жақсы. Ата-ананың айтқанын, балалардың кiшiлерiне үлкендерiнiң айтқанын тыңдауға тиiстi екенiн ұғындыру қажет. Әрине, сыйластық арқылы өрiстетуге күш салу керек.

Үй шаруасының барлық түрiне баулу. Балаларды ұл-қыз деп бөлмей, үй шаруасына үйрету керек. Бұл болашақ өмiрiне қажет екенiн, үй шаруасын келiстiрген адамның отбасында бағасы болатынын, өмiр сүрудiң қиындыққа түспейтiнiн балаға қызықтыра үлгi ету керек. Бiлмегеннен бiлгеннiң жақсы екендiгiн, ер баланың да тамақ iстей алуы, түйме қадай бiлуi ештеңеге кедергi келтiрмейтiнiн бiлгенi дұрыс.

Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдi отбасында қалыптастыру. Ата-ана баланы халықтық салт-дәстүрлердiң отбасында сақталуына жол берiп, дәрiптеп отырғаны жөн. Отбасылық қуаныштарда, ағайын-туыспен араласқанда, құда- жекжат шақырғанда, ұлттық және дiни мерекелердi тойлағанда жол-жоралғы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдiң орындалуына маңыз бергенi жақсы. Баланың ұлттық құндылығымыз мен мәдениетiмiзге құрмет қалыптастырудың бiрден-бiр жолы.

Мамандық алуына көмектесу. Баланың қабiлетiне сай, бiлiмi мен мүмкiндiгiне орай мамандық таңдалады. Көп жағдайда балалар қандай мамандық ұнайтынын бiле бермейдi. Сондықтан отбасы, әулет, қоғам талабына сай да баланың мамандық таңдауына бағыт-бағдар беруге болады. Осылай ету маңызды екен деп, баланың мүлде қарсы екенiне қарамай, күштеп қаламаған мамандықты игерту – бақытсыз етумен пара-пар.

Қоғамда белсендi өмiр сүруге үйрету. Баланың сынып iшiндегi қоғамдық қызметтi атқаруынан бастап, мектепiшiлiк, мектептен тыс түрлi клубтар мен орталықтарға қатысып, өзiнiң белсендiлiгiн шыңдай бiлуi. Ата-ана соған жағдай жасап, бағыт- бағдар берiп, өзiндiк танымына, сенiмiне жол көрсетiп, көзқарасын қалыптастыру, нығайту керек. Қоғамда мазмұнды өмiр сүру, уақыттың қадiрiне жетуге мән берген дұрыс.

Ұлттық ұғымдарға сүйiспеншiлiктi үйрету. Ата-ана баласына өз отбасын қадiр тұтудан бастап, туған-туыс, ел-жұрт, халық, ұлт, туған жер, Отан, Қазақстан, Мемлекеттiк Ту, Әнұран, Елтаңба секілді ұғымдарды терең түсiнiп, құрметпен қарауға үнемi насихаттап отыру. Сондай-ақ, дiни ұғымдарға да түсiнiк берiп, имандылық негiздерiн беру шарт. Тiл, дiл, дiн тұлғаны тiрейтiн үштаған-тұғыр екендiгiн ұғындыру маңызды.

Осындай ережелер мөр басылып, үйде iлiнiп тұрмаса да, әке мен шешенiң ортақ талқысынан өтiп, отбасылық бала тәрбиесiнде қолданар басты қағидалары болғаны жөн. Отбасы иелерi талапты тек балаға қоюмен шектелсе, тәрбие iсi жемiстi болмайды. Ана-ананың жауапкершiлiгi бәрiнен биiк. Сондықтан ата-ана басты талапты өздерiне қойғандары жөн. Баланың бiлiм мен тәрбие алуына, қоғамнан өз орнын табуына жағдай жасауы үшiн әрбiр ата-ана педагогикалық әдiс-тәсiлдерге сүйенгенi дұрыс.

Қорыта келе айтарымыз, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды бойына – ең негізгі мәселе. Отбасы мен білім беру ошақтарында ата-ана мен педагогтардың бірлесіп, ұйымдасқан түрде жүйелі жұмыстары нәтиже берері сөзсіз. Сол үшін жастарды отбасылық өмірге даярлау мақсатындағы элективті курстар өткізу өз нәтижесін береді деп санаймыз.

Лескүл ИБРАИМОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Орыс тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

Leave A Reply

Your email address will not be published.