БАЛАЛАР СПОРТЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУІ ҚАЖЕТ

0

Елімізде бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін арттыру – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі спорт нысанының, көпфункционалды кешендер мен ашық спорт алаңдарының санын көбейтуге ерекше жағдай жасал­мақ.

Өткен жылдан бастап бұқаралық және балалар спортымен айналысуды қолжетімді ету үшін халықтың спортпен шұғылдануына мықтап ден қойыла бастады. Ол үшін әкімдіктерге мемлекеттік спорттық тапсырыс көлемін ұлғайту, қосымша балалар мен жасөспірімдер клубын, жеткіншектер спорт клубын ашу, мектеп және студенттер спорт лигасының жұмысын қайта бастау есебінен балаларға арналған тегін спорт секцияларын кеңейту жөнінде арнайы тапсырма берілді. Мұның бәрі тегіннен-тегін жасалып отырған жоқ.
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құрып, оған тұрақты жарна аударатын ірі компаниялар тізімін бекітті. Әлеуметтік-қоғамдық қордың қаржысы бірқатар қажеттілікке жұмсалуда. Оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға арналған кешендер салу да бар.
Жалпы, қордың басты функциясы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Қор қаражаты есебінен қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт объектілері салынады. Егер түйткілді мәселелер рет-ретімен дер кезінде орындалса, балалар спортының өркендеуіне жақсы жағдай жасалары сөзсіз.
Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, белгілі балуан Ислам Байрамуков отандық спортқа шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізудің, бұқаралық және балалар спортын дамытудың қаншалықты маңызды екенін айтты.
– Бізде тек спорт емес, барлық сала ақсап тұр. Солардың бәрін жүйелі түрде ретке келтіру керек. Спортқа қатысты айтар болсам, бізде көп қалада спорттық инфрақұрылымдар жағы мәз емес, жаттықтырушылар жетіспеушілігі тағы бар. Ауылды жерлерде спорттық секциялардың санын арттыру арқылы балалардың түрлі спорт түрімен айналысуына жол ашуымыз керек, – деп атап өтті білікті маман.
Ал спорт функционері Болат Есмағамбетов жаңадан құрылатын қордың спортқа тигізер пайдасы зор болатынын айтты.
– Спорттық алаңдар ауыл түгілі қалалы жерлерде де жеткіліксіз. Әр спорт түрі бойынша балаларды дайындайтын жаттықтыру­шылар, спорт мамандары аз. Балалар жаттығуына, спортпен айналысуына барлық жағдай жасалуы керек. Шалғай аймақтарда көптеген бала спорт үйірмелеріне қатысуды, жақсы спорт кешенінде жаттығуды армандайды. Осы мәселелер жедел қолға алынып, шешілуі тиіс. Мемлекет басшысы да осы жағдайларды ескеріп, балалар спортын, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Соның негізінде «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қоры құрылды. Бұл қордың жұмысы көп пайдасын тигізеді деп үміттенемін, – дейді Болат Есмағамбетов.
Шетелдерде де балалар спортына ерекше көңіл бөлініп отырғанын әлемдік спорт додасы Токиодағы Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған шетелдік жас спортшылардың көрсеткіштерінен байқадық. Олимпиадада бірқатар мемлекеттің жас жеткіншектері жеңіс тұғырынан көрініп, өз елдерінің мерейін асқақтатты. Атап айтар болсақ, Өзбекстан елінің 19 жастағы өрені Улугбек Рашидов таэквондодан Олимпиада чемпионы атанды. 22 жастағы түрік Мете Газоз садақ атудан ерлер арасында жекелей сында Токио Олимпиадасында топ жарды. Ұлыбританиялық 12 жасар Скай Браун Токиода скейтбординг спортынан бақ сынады. Ол жазғы Олимпиада ойындарына барған Ұлыбританиядан шыққан ең жас қатысушы атанды. Ал жапониялық скейтбордист Момидзи Нисия Олимпиаданың алтын медалін мойнына тақты. Бұдан өзге көп елдің жас өрендері де Токиода көптің көзіне түсті. Ал Қазақстан Олимпиадалық құрамасы сапындағы ең жас спортшы 19 жастағы көркем гимнаст Алина Әділханова болды. Өкінішке қарай, спортшы қызымыз Жапония жерінде жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Бірақ Алинаның әлемдік жарысқа жолдама алуының, қатысуының өзі үлкен жетістікке баланды. Өйткені Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының саны жеткіліксіз. Жергілікті әкімдіктер балалар мен жасөспірімдерді спорттық және шығармашылық үйірмемен қамтамасыз ету ісіне салғырт қарап отырғанын да көпшілігі жақсы біледі. Көптеген ауылда спорттық кешендер жоқтың қасы. Көңілге медеу болары, балаларды күреске, дзюдоға, боксқа дайындайтын спорт үйірмелері жұмыс істеп тұр. Әрі бұл спорт түрлеріне жеткіншектер көптеп барады. Сондықтан да шығар, бұл спорт түрлерінен өзге спорт түрлеріне қарағанда спортшылар арасында бәсекелестік жоғары. Бірақ күрес, дзюдо, бокстан басқа спорт түрлерін дамытуға ауылдық жерлерде лайықты деңгейде жағдай жасалмаған. Бұл мәселені спорт мамандарының өздері де бірнеше рет көтеріп, талқыға салды.
Иә, қаланы айтпаған күннің өзінде аудан орталықтары мен ауылды жерлерге де балаларға арналған спорт кешендері ауадай қажет. Алайда оған аз қаржы жұмсалмасы белгілі. Ал ол қаржы жоғарыда атап өткен қордың демеушілігімен бөліне ме, әлде аймақтардағы әкімдіктің қаражатынан бөліне ме, ол – алдағы күннің еншісіндегі мәселе. Қалай болғанда да, спорттық инфрақұрылымдарға қатысты түйткілді мәселелер ертерек бақылауға алынып, жүйелі түрде шешімін тапқаны жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.