23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Қордай ауданында ерекше мағыналы рухани іс-шара ұйымдастырылды. Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде «Қазақ газеттері» басылымдарының өкілдерімен кездесу өтіп, қазақ баспасөзінің өткені, бүгіні мен болашағы жайлы кеңінен пікір алмасты.
Іс-шараға «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары, Алматы басылымдарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Балжан Шылғаубай, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова, «Дружные ребята» газетінің бас редакторы Ольга Рыбкина, сондай-ақ «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев арнайы қатысып, оқырмандармен еркін форматта жүздесті.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөздің қоғамдағы маңызы туралы айтқан пікірлері де атап өтіліп, дәстүрлі БАҚ-тың ұлттық құндылықтарды сақтаудағы рөлі ерекше екені айтылды.
Сондай-ақ, қонақтар қазақ баспасөзінің тарихи рөлі, қазіргі даму бағыты және цифрлық дәуірдегі жаңа мүмкіндіктері туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар жастарды кітап оқуға, газет-журналға қызығушылығын арттыру жолдары да кеңінен талқыланды. Қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, мазмұнды жауаптар берілді.