Басты мақсат – жанармай жетіспеушілігіне жол бермеу

0

27 тамызда аудан орталығында орналасқан жанармай құю станциялары бойынша арнайы рейд өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Е.Нұралиевтің басшылығымен өткізілген рейд барысында жанармай станцияларының иелерімен немесе басқарушыларымен кездесу өткізіліп, жанармай саудасындағы соңғы өзгерістер түсіндірілді.
Соңғы кездері еліміздегі жанармай, оның ішінде дизель отынының жетіспеушілігі қатты сезіле бастағаны баршаға аян. Сарапшылар және тиісті мекеме басшылары мұны шетелдік жүк тасымалдаушыларының жанармайды біздің елден сатып алып, сыртқа алып кетіп жатқандығымен байланыстыруда. Осыған орай ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен елімізде жанар-жағармайдың шекті бағалары бекітіліп, дизель отынын сату кезінде кейбір жаңалықтар енгізілген еді. Енді 230 — 260 теңгеден күніне 100 литр дизель отыны ғана сатылатын болады. 300 литрге дейін құям деген адамдар Қазақстан азаматы екендігін дәлелдейтін құжаттарды көрсетуге тиіс. Ал 300 литрден жоғары құям деген адамдар және шетелдік азаматтар дизель отынының литрін 450 теңгеден сатып алатын болады. Осы тәртіпті бұзған сатушыларға айыппұлдар салынады. Сондықтан аудан әкімінің тапсырмасымен құрамына аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі, Мемлекеттік кірістер басқармасы, Қордай ауылының әкімі, аудандық мәслихат депутаттары кірген арнайы комиссия құрылып, аталмыш өзгерістерді жанармай иелерінің басшыларына жеткізді. Рейд аудан орталығының Алматы жақтан кіре берісіндегі жанармай станцияларынан басталып, кеденге дейін жалғасты. Байқағанымыздай, көп жағармай станцияларында дизель отыны тек талонмен сатылып немесе мүлдем жоқ болды. Көп станцияларда АИ-95 бензины да тапшы болып шықты. Кейбір станцияларда үлкен кезектер орын алған. Рейд барысында барлық жанармай станцияларының басшылығына Энергетика министрінің бұйрығын қағазға шығарып таратып берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.